UKIMET » публикация №24720
Қазақстанның энергожүйесі 2029 жылға қарай тұрақты профицитке қол жеткізеді 📌 Президенттің энергетикалық секторды жаңғырту және энергиямен жабдықтау сенімділігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан 2027 жылдың басынан бастап экономиканың электр энергиясына деген барлық қажеттілігін кейіннен профицитпен жабуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов баяндады. Оның айтуынша бүгінгі таңда іске қосылған нысандарды ескере отырып, Қазақстанның энергожүйесі 251 энергия көзінен тұрады, оның 169-ы жаңартылатын энергия көздеріне жатады. Осылайша, жалпы орнатылған қуат 27,1 ГВт құрады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі тарихи максимумға – 123,1 млрд. кВтсағ, тұтыну – 124,6 млрд. кВтс жетті. «Жаңа қуаттарды іске қосу 2027 жылдың басынан бастап экономиканың электр энергиясына деген барлық қажеттілігін кейіннен профицитпен жабуға, 2029 жылға дейін жоспарланып отырған жаңа қуаттарды іске қосу өндіруші қуаттардың профицитін қалыптастыруға және экономика мен халықтың электр энергиясына деген барлық қажеттілігін, оның ішінде жасанды интеллект пен ірі ДӨО энергия қажет ететін инфрақұрылымын орналастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді министр. 2029 жылға дейін қоса алғанда 13,3 ГВт энергия қуаты енгізіледі, оның 12,56 ГВт-ы жаңа генерацияны құрайды. Тұтастай алғанда, саланы дамытудың 2035 жылға дейінгі жоспары қолданыстағы стансаларды жаңғыртуды, 10,5 ГВт-қа жаңа генерация салуды, ЖЭК және АЭС жобаларын қоса алғанда, 26,3 ГВт жаңа қуаттарды іске қосуды көздейді. Бұдан басқа, елімізде «таза көмір» технологиялары базасында жиынтық қуаты 7,8 ГВт болатын 19 жобадан тұратын «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Белсенді кезеңге Екібастұз ГРЭС-3, Курчатовтағы ЖЭС және Көкшетау, Семей және Өскемендегі үш ЖЭО бойынша жұмыстар кірді. 📱 @KZgovernment
#новости · #kz · #политика · #telegram · #государство





























