ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТЫ » публикация №6663
◾️ Балқаш қаласының зейнеткері сотқа қызынан ай сайын өз күтіміне 10 АЕК мөлшерінде алимент өндіру туралы талап қою жолдаған. ◾️ Ол күнделікті тұрмысқа және дәрі-дәрмек сатып алуға қаражат қажет екенін, алайда қызының материалдық көмек көрсетпейтінін айтқан. ◾️ «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 145-бабына сәйкес, кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз және көмекке мұқтаж ата-аналарын асырауға міндетті. ◾️ Алайда Қарағанды облысының Балқаш қалалық соты талап қоюшының ай сайын 128 229 теңге көлемінде зейнетақы алатынын, сондай-ақ оның екі қабатты тұрғын үйі мен Mitsubishi Montero Sport автокөлігі бар екенін анықтаған. ◾️ Қызы талап қоюмен келіспей, жалғыз өзі екі баланы тәрбиелеп отырғанын, олардың әкесінен алимент алмайтынын және сатушының көмекшісі болып жұмыс істеп, айына 85 мың теңге жалақы алатынын түсіндірген. ◾️ Оның айтуынша, әкесі материалдық көмекке мұқтаж емес, өйткені ол коттеджде жалғыз тұрады, автокөлігі бар, зейнетақы алады және дәрігерлер оған тек дәрумендер ғана тағайындаған. ◾️ Сот талап қоюшының көмекке мұқтаж адамдар санатына жатпайтынын атап өтті. ◾️ Зейнеткер емделуге тұрақты шығындардың бар екенін, үздіксіз күтімді қажет ететінін немесе қолындағы қаражаттың негізгі өмірлік қажеттіліктерін өтеуге жеткіліксіз екенін растайтын сенімді дәлелдеме ұсынбаған. ◾️ Сонымен қатар оған ұлының материалдық көмек көрсететіні анықталған. ◾️ Сот сондай-ақ талап қоюшының зейнетақы мөлшері ең төменгі жалақыдан жоғары екенін және тараптар арасында бұрыннан қалыптасқан келіспеушіліктер бар екенін ескерген. Соттың пікірінше, талап қоюдың негізгі себептерінің бірі де осы жағдай болған. ◾️ Тараптардың мүдделерінің теңгерімін сақтауды назарға ала отырып, сот талап қоюды қанағаттандыруға негіз жоқ деген қорытындыға келген. ◾️ Сот шешіміне шағым берілмеген және ол заңды күшіне енген. https://t.me/krgsoty
#новости · #kz · #политика · #telegram · #государство





























