ҚТЖ PRESS » публикация №13538
🏢Қарағанды облысында теміржол вокзалдары мен жолаушылар инфрақұрылымын қайта жаңарту аяқталды ✅Қарағанды облысында теміржол инфрақұрылымын жаңғырту шеңберінде Қарағанды – Сұрыптау (тақ), Жаңа-Қарағанды және Нұра станцияларының вокзалдарын қайта жаңарту, сондай-ақ Қарағанды – Сұрыптау (жұп) станциясының жолаушылар платформасын және Айса станциясының платформасын абаттандыру жұмыстары аяқталды. ✅1965 жылы салынған Қарағанды – Сұрыптау (тақ) станциясында бір қабатты вокзал ғимараты толығымен қайта жаңартылды. Қасбет пен үй-жайлар, инженерлік желілер, шатыр, жолаушылар платформасы және оған іргелес аумақ жаңартылып, жаңа жиһаздар мен жабдықтар орнатылды. Мобильділігі төмен жолаушыларға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін екі көтергіш орнатылып, өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес жаңа эвакуациялық шығулармен жабдықталды. Қайта құру кезінде қазақстандық өндірістің құрылыс материалдары пайдаланылды. ✅Қарағанды – Сұрыптау станциясының вокзалы тәулігіне орта есеппен 100 жолаушыға қызмет көрсетеді. Станция арқылы Астана, Алматы, Павлодар, Қостанай, Петропавл, Жезқазған, Семей, Шымкент, Қызылорда, сондай-ақ Қырғыз Республикасымен және Ресей Федерациясымен байланысты қамтамасыз ететін 41 жолаушылар пойызы қатынайды. ✅Қарағанды – Сұрыптау (жұп) станциясында жолаушылар платформасын абаттандыру орындалды. Жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылып, қоршаулар, орындықтар, қоқыс жәшіктері және заманауи абаттандыру элементтері орнатылды, саябақты жарықтандыру орындалды, бұл жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға мүмкіндік берді. ✅Сондай - ақ, 1983 жылы салынған Жаңа-Қарағанды станциясының вокзал ғимаратын қайта жаңарту аяқталды. Жұмыс барысында қасбет пен ішкі үй-жайлар, инженерлік коммуникациялар, шатыр, жолаушылар платформасы және іргелес аумақ жаңартылып, жиһаз және жабдық орнатылды, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар орындалды. Қайта құру кезінде отандық өндіріс материалдары пайдаланылды. ✅Вокзал тәулігіне орта есеппен 54 жолаушыға қызмет көрсетеді. Станция арқылы Астана және Қарағандымен байланысты қамтамасыз ететін 9 жолаушылар пойызы қатынайды. ✅1971 жылы салынған Нұра станциясының вокзал ғимаратында қасбет, ішкі үй-жайлар мен инженерлік желілер жаңартылып, аумақ абаттандырылды, жолаушылар платформасы жөнделді, заманауи жиһаздар мен жабдықтар орнатылды. Мобильділігі төмен жолаушыларға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін көтергішпен жабдықталды. Жұмыстарды орындау кезінде заманауи берік құрылыс материалдары пайдаланылды. ✅Нұра станциясының вокзалы тәулігіне орта есеппен 38 жолаушыға қызмет көрсетеді. Станция арқылы Астана, Қарағанды және Қостанаймен қатынауды қамтамасыз ететін 6 жолаушылар пойызы қатынайды. ✅Сонымен қатар, Айса станциясының платформасында перронды абаттандыру аяқталды. Қоршаулар, орындықтар, қоқыс жәшіктері және аялдама кешені орнатылды, бұл жолаушылардың күтуіне және отыруына ыңғайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді. ✅Нысандарды қайта құру ҚТЖ-ның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Жобаларды іске асыру жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, теміржол инфрақұрылымы объектілерінің қауіпсіздігі мен қолжетімділігінің заманауи деңгейін қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қарағанды облысының тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді.
#новости · #kz · #политика · #telegram · #государство





























