Азат Перуашев » публикация №16323
🗣️«Ақ жол» демократиялық партиясы БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады Бүгін «Ақ жол» демпартиясының Орталық кеңсесінде БАҚ қызметкерлері күніне орай журналистер, редакторлар және отандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен салтанатты кездесу өтті. Іс-шараны ашқан партия төрағасы Дания Еспаева медиа қауымдастық өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, қазіргі қоғамдағы журналистиканың айрықша рөліне назар аударды. Дания Еспаеваның сөзінше, «Ақ жол» демократиялық партиясы журналистерді әрдайым өзінің сенімді одақтасы ретінде бағалап келеді. Себебі, қоғамға өзекті әрі маңызды ақпаратты жеткізу жолындағы жауапты, кейде күрделі жұмысты партия бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірге атқаруда. «Біз әрдайым журналистердің сөз бостандығына деген құқығын және қоғамды объективті ақпараттандыру жолындағы ұмтылысын қолдаймыз. Көптеген жылдар бойы «Ақ жол» Парламентте азшылық қатарында болып, парламенттік көпшіліктің қолдауын әрдайым таба бермеген кезеңдерде біздің ұстанымымызды халыққа жеткізуге дәл осы журналистер көмектесті. Сондықтан біз бұрын да, қазір де сенімді одақтастармыз», – деді партия төрағасы. Дания Еспаева «Ақ жол» демократиялық партиясы бұқаралық ақпарат құралдарымен ашық әрі өзара сыйластыққа негізделген ынтымақтастық дәстүрін алдағы уақытта да сақтап, одан әрі дамыта беретінін жеткізді. – «Ақ жол» демократиялық партиясы үшін бұқаралық ақпарат құралдары әрдайым тек диалог алаңы ғана емес, сонымен қатар ашықтық, әділдік және демократиялық құндылықтарды ілгерілетудегі маңызды серіктес болып табылады, – деді партия төрағасы. Салтанатты шара барысында қоғамдағы өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді белсенді жариялап, жеке кәсіпкерлікті қолдап, табанды азаматтық ұстанымы мен жоғары кәсібилігі үшін журналистерге естелік сыйлықтар табысталды. Іс-шара соңында «Ақ жол» демпартия төрағасы Дания Еспаева бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне зор денсаулық, сарқылмас шығармашылық шабыт, жаңа кәсіби жетістіктер, қызықты тақырыптар, оқырман мен көрерменнің ыстық ықыласы және қоғам игілігі жолындағы еңбектеріне толайым табыс тіледі. Жиын жылы әрі достық сарында өтіп, қоғамның шынайы ақпарат алуына және ашық қоғамдық диалогтың қалыптасуына күн сайын сүбелі үлес қосып жүрген журналистерге құрмет көрсетудің тағы бір жарқын көрінісіне айналды.





























