PRO КАДРЫ KZ » публикация №54402
ҚАЗАЛЫ ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ: ТАРИХИ ҒИМАРАТТЫҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІ Қызылорда облысының Қазалы ауданында күрделі жөндеуден өткен теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым мен ардагерлер қатысты. Аймақ басшысы жаңғыртылған вокзал аудан тұрғындары мен қонақтарына сапалы қызмет көрсететінін атап өтіп, көлік инфрақұрылымын дамыту өңір үшін маңызды бағыттардың бірі екенін айтты. Ғасырдан астам тарихы бар вокзал ғимараты 1 млрд 290 млн теңгеден астам қаржыға қайта жаңғыртылды. Жөндеу барысында ғимараттың іргетасы мен қабырғалары күшейтіліп, шатыры, есік-терезелері жаңартылды. Күту залдары заманауи талаптарға сай жабдықталып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасалды. Сондай-ақ ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт және қауіпсіздік жүйелері қарастырылған. Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде 124 теміржол вокзалы жаңғыртылуда. Осы жоба аясында Қызылорда облысындағы барлық аудан орталықтарының вокзалдары мен бірқатар станциялар кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Тарихи сәулетімен ерекшеленетін Қазалы теміржол вокзалы – ауданның маңызды нысандарының бірі. Бүгінде аудан аумағындағы 91 шақырым теміржол желісі арқылы тәулігіне 12 жолаушылар пойызы қатынайды. Подпишись на prokadrykz





























