ҚР Парламенті Мәжілісі » публикация №20585
Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның жұмысы қорытындыланды Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның жұмысы аяқталды. Қорытынды отырыста Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов палата мүшелеріне заң шығару қызметіне белсене араласып, жемісті жұмыс атқарғаны үшін алғысын білдірді, олардың басты жетістіктерін атап өтті. Ерлан Қошанов Қоғамдық палата ауқымды саяси өзгерістер бастау алып, азаматтық қоғамның рөлі күшейген кезеңде құрылғанына тоқталды. Сол тұста Мемлекет басшысы көшелер мен алаңдардағы пікірталас Парламент қабырғасына өтуі керек деген болатын. Қоғамдық палата еліміздің дамуындағы өзекті мәселелер бойынша сындарлы пікірлер айтылатын ашық алаңға айналғанын атап өтті. Мәжіліс спикері атап өткендей, бұл ретте, палата мүшелері тек бақылаушы ғана емес, заң шығару процесінің толыққанды қатысушысы болды. Олар заң жобаларына қатысты жүздеген тұжырымдамалық ұсыныс жолдап, соның біразы жұмысқа қабылданды. Сонымен қатар Қоғамдық палата мүшелері қоғамдағы ең күрделі әрі өзекті тақырыптарды талқылауға белсенді атсалысып, мемлекет пен азаматтардың арасында ашық диалогты қамтамасыз етті. Ал палата отырыстарында жеңіл тақырып болған жоқ. Ерлан Қошанов Қоғамдық палатаның әрбір мүшесіне табандылығы мен принциптілігі, жоғары белсенділігі мен үлкен жауапкершілігі үшін алғыс білдірді. Спикердің пікірінше, олар депутаттармен қатар шығару қызметінде де елеулі әрі маңызды із қалдырды. Мәжіліс төрағасы биыл 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енетінін еске салды. Оның нормаларына сәйкес, күзде Қазақстан Республикасының бір палаталы Құрылтайы құрылады. Спикер Қоғамдық палатаның мол тәжірибесі мен дәстүрлері Құрылтай жұмысында да жалғасын табатынына сенім білдірді. Қоғамдық палатаның төрағасы, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым сегізінші шақырылым барысында палатаның 30 отырысы, соның ішінде 10 көшпелі отырыс өткенін айтты. Осы жиындардың қорытындысы бойынша Мәжілістің салалық комитеттері мен уәкілетті мемлекеттік органдарға 500-ден астам ұсыным жолданды. Сондай-ақ Қоғамдық палатаның басқа да мүшелері оның қызметі туралы пікірлерін бөлісіп, оның форматын жетілдіру бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Отырыс қорытындысы бойынша Мәжіліс төрағасы Қоғамдық Палата мүшелеріне алғыс хаттар табыс етті. Мәжіліс жаңалықтарынан хабардар болыңыз! Біздің әлеуметтік желілерімізге жазылыңыз. 📱Instagram 📱Facebook 📱YouTube 📱TikTok 📱 Telegram
#новости · #kz · #политика · #telegram · #государство





























