ҚР Парламенті Мәжілісі » публикация №20565
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Парламент Мәжілісінің делегациясы Беларусь Республикасы Брест қаласында Ұлы Отан соғысының басталуының 85 жылдығына арналған «Ұлы мұра – ортақ болашақ» халықаралық форумына қатысты. Форумға Беларусь, Ресей, Өзбекстан, Мьянма, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Вьетнам, Сербия, Венесуэла, Куба, Қытай, Моңғолия және Лаос елдерінің Парламент делегациялары мен дипломатия өкілдері қатысты. Іс-шара 1941 жылдың маусымында фашистік Германияның тұтқиылдан жасаған шабуылын алғаш болып қабылдаған Брестте өтті. Форумның жалпы отырысында сөйлеген сөзінде Мәжіліс спикері Ұлы Отан соғысының алғашқы және ең қатал шайқастарының бірі болған Брест қамалын қорғаған қазақстандық жауынгерлердің ерлігіне ерекше тоқталды. – Брест қамалын Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келген жауынгерлер қорғады. Брест гарнизонындағы жеті мың әскери қызметшінің шамамен мыңға жуығы Қазақстаннан келген сарбаз болды. Олардың барлығы дерлік осы жерде қаза тапты. Бүгінде әлем жаңа сын-қатерлерге тап болып отырған кезде біздің ортақ міндетіміз – тарихи жадымызды сақтау және оны жас ұрпаққа жеткізу. Былтыр Астанада өткен әскери парадта сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соғыс туралы ақиқатты сақтау маңызды екенін атап өтті, өйткені шындықты білмейінше бейбітшіліктің бағасын түсіну мүмкін емес. Ортақ ерлікті есте сақтау – халықтарымыз арасындағы достықтың, өзара құрмет пен ынтымақтастықтың ең берік іргетасы болып қала береді, – деді Ерлан Қошанов. Ол өз сөзінде Беларусь жерінде қаза тапқан отандастарымыздың есімін жаңғырту бағытындағы қазақстандық тарихшылардың еңбегін ерекше атап өтіп, Брест қамалын қорғаған, есімдері бүгінге жеткен батырларды атады. Мәжіліс төрағасы қазақ партизандарының ерлігіне де жеке тоқталды. 65 беларусь партизан бригададары мен отрядтарының құрамында 1,5 мыңнан астам қазақ шайқасқан. Солардың бірі – аңызға айналған партизан қолбасшы Әди Шәріпов, оның есімі Минскідегі көшелердің біріне берілген. Сапар барысында Мәжіліс делегациясы Брест қамалында өткен еске алу іс-шараларына қатысты. Депутаттар «Қаһарман Брест қамалы» мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойды. Брест қамалы гарнизоны зиратындағы Естелік аллеяда қазақстандық жауынгерлерді еске алып, олардың рухына тағзым етті. Брест қамалын қорғау музейіне барған Ерлан Қошанов Мәжіліс Парламенті атынан музейге Ұлы Отан соғысының батыры, аты аңызға айналған қазақ ұшқышы – Хиуаз Доспанованың мүсінін сыйға тартты. Мәжіліс жаңалықтарынан хабардар болыңыз! Біздің әлеуметтік желілерімізге жазылыңыз. 📱Instagram 📱Facebook 📱YouTube 📱TikTok 📱 Telegram
#новости · #kz · #политика · #telegram · #государство





























