POLISIA.KZ » публикация №17370
🐎 Ер тоқым үстіндегі тәртіп: Абай облысында атты полиция қаіуіпсіздікті қалай қамтамасыз етеді Көпшілік тұрғындар күнін енді бастап жатқанда, Абай облысының полиция қызметкерлері өз бағыттарына шығып үлгереді. Бірақ олардың басты көмекшісі қызметтік көлік емес — жылқылар. Атты полиция – Қазақстанның ішкі істер органдарындағы ең ерекше әрі көпшілікке танымал бөлімшелердің бірі. Абай облысында атты полицейлер күн сайын саябақтарды, жағалауларды, орман алқаптарын және көлікпен жүру шектелген немесе мүмкін емес өзге де аумақтарды патрульдейді. Күн сайын атты патруль ондаған шақырым жол жүріп, өңір тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Көлік өте алмайтын, кейде жаяу патруль де жедел жете алмайтын жерлерде атты полицейлер өз қызметін жалғастыра береді. Қызмет кезінде атты полицейлер қоғамдық тәртіпті қадағалап, профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Айта кетейік, қызметкерлер мен жануарларды даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Полицейлер атқа міну шеберлігі мен қызмет атқару тактикасын жетілдірсе, жылқылар көпшілік жиналған ортада, қала шуында және түрлі алаңдататын жағдайларда сабырлы жұмыс істеуге арнайы үйретіледі. Полиция кавалерисі Еркебұлан Сейітқазиннің айтуынша, адам мен жылқы арасындағы байланыс болу керек. – Біз жай ғана атпен жүретін патруль емеспіз. Біз күн сайын адамдардың қауіпсіздігі үшін еңбек етеміз. Азаматтардың сенімі – біздің жұмысымызға берілетін ең жоғары баға, – дейді полиция қызметкері. Заманауи технологиялар құқық қорғау органдарының жұмысын өзгертіп жатқанымен, кейбір дәстүрлер ондаған жылдар бойы өз маңызын жоғалтпай келеді. Атты полициясы – тарих, ұлттық дәстүр және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған заманауи міндеттер өзара үйлесім тапқан жарқын мысалдардың бірі. #БІЗДІҢПОЛИЦИЯ 📱 POLISIA.KZ
#новости · #kz · #политика · #telegram · #государство





























