UKIMET » публикация №24433
Firebird компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Размик Овакимян Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымды дамытудағы жоғары әлеуетін атап өтті. «Президенттің 2026 жылды «Жасанды интеллект жылы» деп жариялау жөніндегі көреген шешімін ерекше атап өткім келеді. Қазақстанға алғаш келген кезде-ақ елдің биік мақсаттары, технологиялық тәжірибесі мен адами капиталы әлемдік деңгейде екені бірден байқалды. Бүгінде жасанды интеллектінің озық есептеу қуаттарына, таланттарды дамытуға және инновациялық экожүйелерге инвестиция салып жатқан елдер ертеңгі экономикалық мүмкіндіктерді қалыптастыратын болады. Firebird АҚШ-тың озық технологияларын енгізу тәжірибесін, жаһандық жасанды интеллект экожүйесіндегі тығыз серіктестік байланыстарын және ірі ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды қауіпсіз әрі ерекше жылдамдықпен жүзеге асыру қабілетін біріктіреді. 2027 жылы жобаны іске қосу Қазақстанды әлемдегі жетекші он елдің қатарына қосады. Біздің командамыз мықты, мүмкіндіктеріміз зор және біз Қазақстан Үкіметімен, NVIDIA компаниясымен және АҚШ-тағы серіктестерімізбен ынтымақтаса отырып, Қазақстанның мақсат-мұратын шынайы жүзеге асыруға өз үлесімізді қосатынымызға қуаныштымыз», — деді Размик Овакимян. NVIDIA компаниясының вице-президенті Рев Лебаредян «ДӨО алқабы» жобасын жүзеге асыруға арналған негізгі технологиялық құралдар мен тәсілдерді және Қазақстанның жаһандық жасанды интеллект экожүйесіне интеграциялану перспективаларын таныстырды. «Жасанды интеллектті дамыту үшін “бес қабатты торт” деп атайтын құрылым қажет. Бұл деңгейде біз төменгі қабаттардағы барлық технологияларды алып, оларды түрлі салалар мен бағыттарға арналған қосымшаларға айналдырамыз, осылайша олар нақты пайда мен құндылық әкеледі. Бірақ бәрі энергиядан басталады. Егер энергия болмаса, қалғанын дамыту мүмкін емес. Бұл – іргетас. Қазақстанда энергия ресурстары бар. Оның қоры мол әрі оны одан әрі өндіру мүмкіндігі болғандықтан, Қазақстан бұл бағытты бастау үшін өте қолайлы орын болып саналады. Шын мәнінде Қазақстан осы бес қабатты торттың әрбір деңгейіне қатыса алады. Мен көргенім, оқығаным және қазір осында болып байқағаным бойынша, Қазақстанның рухы мен жігері алға қарай ұмтылуға және елдің бар игілігін — табиғи ресурстарын да, адами капиталын да — жасанды интеллекттің жаңа дәуіріне қадам басу үшін пайдалануға бағытталған», — деді Рев Лебаредян. Кездесуге қатысушылар мұндай жобаларға әлем бойынша қызығушылықтың қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, алдағы жылдары жасанды интеллектінің жаһандық нарығының көлемі жүздеген млрд доллардан асады, ал AI-модельдерді оқыту және пайдалану үшін қажетті есептеу қуаттарына сұраныс жыл сайын екі есе қарқынмен өсіп келеді. Осыған байланысты мемлекеттер тек әзірлеушілер мен технологиялар үшін ғана емес, сонымен қатар жаңа буынның цифрлық экономикасының негізіне айналатын инфрақұрылым үшін де белсенді бәсекеге түсуде. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан жасанды интеллектті дамытуға арналған ұлттық инфрақұрылымды жүйелі түрде қалыптастыруда. «ДӨО алқабы» жобасы жасанды интеллекті экономикасының жаңа буыны – ЖИ-токендер экономикасының негізгі платформаларының біріне айналады. $10 млрд көлеміндегі инвестициялар елімізде NVIDIA GB300 және Vera Rubin чиптерін қоса алғанда, соңғы буындағы 100 мың GPU-чиптері негізінде ауқымды есептеу кластерін құруға мүмкіндік береді. Біздің бағалауымыз бойынша, жобаны жүзеге асыру жыл сайын кемінде $3 млрд көлемінде экспорттық кіріс әкеледі, жаңа жұмыс орындарын ашады, жаһандық технологиялық компанияларды тартады және Қазақстанның Еуразиядағы негізгі цифрлық хабтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтады», — деді Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев.
#новости · #kz · #политика · #telegram · #государство





























