UKIMET » публикация №24447
NVIDIA компаниясының вице-президенті Рев Лебаредян – «Деректер орталықтары алқабы» жобасының дамуы туралы Бұл тарихи сәт. Мұндай бәрін түбегейлі өзгертетін жаңа өнертабыс, инновация жиі бола бермейді. Ауқымды өнертабыс мүмкін, шамамен жүз жыл бұрын – алғашқы өнеркәсіптік революция кезеңінде болған шығар. Бірінші өнеркәсіптік революция электр энергиясын өндіру және оны пайдалану технологиясынан басталды. Дәл осы жаңалық бүгін бізді қоршап тұрғанның барлығын дерлік қалыптастырды. Электрсіз әлемді елестету мүмкін емес. Өйткені электр қуаты біздің күнделікті айналысатын іс-әрекеттеріміздің бәрінде қолданылады. Бірақ алғашқы жылдары, шамамен жүз жыл бұрынғы жағдайды елестетсек, сол кездегі адамдар мұның не екенін түсіне алмады. Олар сымдар мен генераторлардан шығатын көзге көрінбейтін нәрсе үшін неге ақша төлеу керегін де елестете алмады. Алайда мұны алғаш түсініп, технологияны дамытуға ерте кіріскен елдер үлкен артықшылыққа ие болды. Ең ірі компаниялар мен ең табысты мемлекеттер — жаңа технологияны меңгергендер. Уақыт өте келе бұл технология бәріне қолжетімді болды. Бүгінде біз электр энергиясын қалыпты құбылыс ретінде қабылдаймыз — себебі ол әр елде бар. Бірақ артықшылық оны алғашқылардың бірі болып игергендердің еншісінде болды. Қазір біз жаңа технология пайда болып, оның салдарын енді ғана түсіне бастаған ерекше кезеңдеміз. Негізінде бұл – қайта жүктеу сияқты: жер бетіндегі әрбір ел мен әрбір адам бастапқы мүмкіндіктерден бастайды. Ал мұны тез түсініп, технологияны жылдам дамытқан мемлекеттер артықшылыққа ие болады. Жасанды интеллектті дамыту үшін «бес қабатты торт» деп атайтын құрылым қажет. NVIDIA компаниясының бас директоры Дженсен Ван бұл бес қабатты тортты былай сипаттайды: бірінші қабат, яғни негізі – энергия. Екінші қабат – чиптер. Бұл NVIDIA компаниясы өндіретін компоненттер. Үшінші қабат – инфрақұрылым. Одан кейінгі қабат – жасанды интеллект модельдері. Дәл осыны көпшілік жасанды интеллект деп түсінеді: ChatGPT, бұлттық сервистер және біз осы деңгейде өзара әрекеттесетін өзге де ИИ жүйелері. Бұл деңгейде біз төменгі қабаттардағы барлық технологияларды алып, оларды әртүрлі салалар мен бағыттарға арналған қосымшаларға айналдырамыз, осылайша олар нақты пайда мен құндылық әкеледі. Бірақ бәрі энергиядан басталады. Егер энергия болмаса, қалғанын дамыту мүмкін емес. Бұл – іргетас әрі шектеу. Қажетті даму деңгейіне жету үшін жеткілікті энергия болмаса, алға жылжу да болмайды. Қазақстанда энергия ресурстары бар. Олардың мол қоры болғандықтан және оны одан әрі өндіру мүмкіндігі жоғары болғандықтан, ел бұл бағытты бастау үшін өте қолайлы орын болып саналады. Шын мәнінде, Қазақстан осы бес қабатты торттың әрбір деңгейіне қатыса алады. Мен көргенім, оқығаным және қазір осында болып байқағаным бойынша, Қазақстанның рухы мен жігері алға ұмтылуға және елдің бар байлығын — табиғи ресурстарын да, адами капиталын да — жасанды интеллектінің жаңа дәуіріне кіру үшін пайдалануға бағытталған. Бұл өте шабыттандырады, әрі осында болу мен үшін үлкен мәртебе. 📱 @KZgovernment
#новости · #kz · #политика · #telegram · #государство





























