UKIMET » публикация №24430
«ДӨО алқабы»: Қазақстан Үкіметі мен IT-алпауыттары Firebird және NVIDIA жасанды интеллект саласында $10 млрд-тық келісімдер пакетіне қол қойды 📌 Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов NVIDIA вице-президенті Рев Лебаредянмен және Firebird негізін қалаушылар: бас директоры Размик Овакимянмен және Александр Есаянмен кездесу өткізді. Кездесуге Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин, АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Джули Стаффт қатысты. Америкалық Firebird компаниясы жасанды интеллект инфрақұрылымын құруға, деректер орталықтарын дамытуға және жоғары өнімді есептеу жүйелерін әзірлеуге маманданған. Компания әлемнің түрлі өңірлерінде жобаларды жүзеге асырып, жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеулер және цифрлық инфрақұрылым саласындағы әлемдік көшбасшы NVIDIA сияқты жетекші технологиялық серіктестермен ынтымақтастық орнатқан. Компанияның шешімдері әлемдегі жетекші суперкомпьютерлер мен деректерді өңдеу орталықтарының басым бөлігінде қолданылады, сондай-ақ қазіргі заманғы генеративті жасанды интеллект модельдерінің елеулі бөлігінің негізін құрайды. Кездесу барысында ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды. Олардың қатарында жоғары өнімді есептеу қуаттарын құру, заманауи деректерді өңдеу орталықтарын орналастыру және халықаралық технологиялық серіктестерді тарту мәселелері талқыланды. Премьер-министр жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылымды дамыту Қазақстанның негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. «Мемлекет басшысы 2026-шы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осы аптада «Digital Qazaqstan» цифрлық трансформация және жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі жалпыұлттық стратегиясы қабылданды. Қазіргі таңда негізгі цифрлық жобалардың бірі – Екібастұз қаласында «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Біздің мақсатымыз – жаһандық цифрлық инфрақұрылымды орналастыруға арналған алаң қалыптастыру. Біз Firebird және NVIDIA серіктестерімен жасалған келісімдерді жоғары бағалаймыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов. Премьер-министр «ДӨО алқабы» жобасының негізгі артықшылықтарына назар аударды. Олардың қатарында ауқымды жер резерві, жеңілдіктер және электр энергиясының бәсекеге қабілетті бағасы бар. Жобаны кең ауқымда тарату мүмкіндігі инвесторлар үшін маңызды фактор болып табылады, яғни қазіргі таңда 300 МВт қуат қолжетімді болса, алдағы уақытта оны кезең-кезеңімен 1 ГВт-қа дейін арттыру жоспарланып отыр.
#новости · #kz · #политика · #telegram · #государство





























