Азат Перуашев » публикация №16242
Сондықтан «Ақ жол» фракциясы қоғам мен Парламентке ұсынылып отырған шығындарды миллиардтаған қаражат жұмсалып қойғаннан кейін емес, бекітілер алдында талдау мүмкіндігін беруді тағы да ұсынады. ● Төртінші мәселе, алдыңғысымен өзара байланысты: квазимемлекеттік сектор мен бюджеттен тыс қорлардың қоғамдық бақылаудан тыс «оқшауланған» рөлінің сақталуы. Квазимемлекеттік сектордың бюджет қаржыландыруына тәуелділігі барған сайын күшейіп келеді. Квазимемлекеттік сектор субъектілерін қаржыландыруға бюджеттен шамамен 5 трлн теңге жұмсалды. Бұл 2025 жылғы республикалық бюджет шығыстарының алтыдан бір бөлігін құрайды және көлемі жағынан Ұлттық қордан бөлінген қаражатпен шамалас. Сонымен қатар, негізгі ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың қызмет нәтижелері туралы ақпараттың ашықтығы жоқ. Ал олардың бюджетке беретін қайтарымы керісінше азайып келеді. Мәселен, 2024 жылы «Ақ жол» фракциясының бастамасымен Бюджет кодексіне «Самұрық-Қазына» қорының жүйе құраушы компаниялары таза пайдасының кемінде 50 пайызын бюджетке аударуы тиіс деген норма енгізілген болатын. Алайда бұл талаптың өзі де орындалмай отыр. Нәтижесінде, 2025 жылы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бюджетке төлеген дивидендтері 2024 жылмен салыстырғанда бес есе төмен болды. Сонымен бірге, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының сатып алулары 10 пайызға, ал «Бәйтерек» холдингінің сатып алулары 77 пайызға өскені байқалады. Оның үстіне сатып алулардың 62 пайызы бір көзден сатып алу тәсілі арқылы жүзеге асырылған. Бұл бәсекелестік пен нарықтық экономика қағидаттарына қайшы келеді. Ал аталған құрылымдардың өзі мемлекеттік кәсіпорындарды басқаруға нарықтық тетіктерді енгізу мақсатында құрылған болатын. Осылайша, мұндай сатып алулар мен Парламенттен тыс жүргізілетін шығыстарды жоспарлау арқылы қомақты мемлекеттік қаражат қоғам мен Парламенттің бақылауынсыз қалып отыр. Бұл олардың ашықтығы мен тиімділігіне қатысты орынды күмән туғызады. Соңғы, бесінші мәселе. Есептерді қарастыру бюджет мәселесін Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасымен бірге қарау қажеттігін тағы да көрсетіп отыр. ● Парламент Үкімет жұмысына бюджетті игеру нәтижелері бойынша баға береді. Алайда қоғамға тек қаржылық есеп қана емес, Үкіметтің бюджет қаражаты мен өз күш-жігерін қандай өзара байланысты міндеттерді орындауға жұмсағанын және сол міндеттердің қаншалықты орындалғанын көрсететін құжат қажет. Мұндай бағдарламалық құжат ретінде Президенттің жыл сайынғы Жолдауларын қарастыруға болады. Соңғы жылдары Үкімет Президент Жолдауларының орындалуы туралы, алайда тек билік партиясы алдында ғана, екі рет есеп берді. Ал Президент Жолдаулары бір партияға емес, бүкіл Қазақстан халқына арналады. Сондықтан алдағы уақытта бюджет жөніндегі есептермен қатар, Үкіметтің Президент Жолдауларының орындалуы туралы есебін бір ғана фракция алдында емес, болашақ көппартиялы Құрылтай алдында беру тәжірибесін енгізуді орынды деп санаймыз. Құрметті әріптестер! Бәлкім, бүгін біз әріптестеріміздің жұмысына тым сыни көзбен қарап отырған шығармыз. Өйткені 2025 жылғы көрсеткіштерге көп жағдайда форс-мажорлық жағдайлар, ең алдымен бюджет тапшылығы әсер етті. Осы жағдайдың аясында өзге себептерді екінші кезектегі факторлар деп бағалауға болады. Дәл осы жағдай сол кезеңде жүргізілген салық реформасының негізгі себебіне айналғаны белгілі. Ал бұл реформа биылдың өзінде белгілі бір нәтижелерін көрсетіп отыр. Сонымен бірге, бүгінгі бюджеттегі оң көрсеткіштердің негізі дәл алдыңғы жылы қаланғанын да атап өткен жөн. Бұл Қазақстанның экономикасы мықты, мемлекеті орнықты және қолда бар ресурстары тек проблемаларды шешуге ғана емес, тұрақты әрі сенімді өсімді қамтамасыз етуге де жеткілікті екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. «Ақ жол» фракциясы Үкіметіне атқарып жатқан жұмыста табыс тілейді және Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін айтылған ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып қабылдауды ұсынады. Назарларыңызға рақмет!





























