UKIMET » публикация №24301
Жазғы маусымға дайындық: туристік дестинацияларды дамыту 📌Жазғы туристік маусымға қарай өңірлерде танымал бағыттарды дамыту және саяхатшылар үшін жайлылықты арттыру бойынша жұмыстар күшейтіледі. Алматы облысында Қонаев қаласы мен ұлттық парктердің туристік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Инвестиция көлемі 4,5 млрд теңгені құрайтын №5 жағажай абаттандырылып, қазіргі уақытта №6 және №7 жағажайлардың құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ Қайыңды көліне және «Көшпенділер қаласы» нысанына апаратын кіреберіс жолдар жақсартылып, «Алатау аманаты» туристік бағыты дамытылуда. Жетісу облысында Алакөл жағалауын дамытуға және курорттық аймақтың көлік қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта құны 5,5 млрд теңгені құрайтын Үшарал әуежайының жаңа терминалының жобасы әзірленуде. Сонымен қатар әуе рейстерін субсидиялау жұмыстары жалғасып, теміржол қатынасының ауқымы кеңейтілуде. Қарағанды облысында Балқаш индустриялық аймағы мен Қарқаралы ауданын қамтитын туристік кластер қарқынды дамып келеді. Балқаш әуежайы жаңғыртылып, қонақүй жобалары мен туристерге арналған визит-орталықтар іске қосылуда. Сонымен қатар өңір туристер ағынын арттыру мақсатында өзінің бірегей мәдени, спорттық және танымдық іс-шаралар күнтізбесін қалыптастырып келеді. Маңғыстау облысында жағажайлар мен жағалауларды жаңғыртуға, сондай-ақ демалушылардың қауіпсіздігін арттыруға басымдық берілуде. Осы бағытта туристік нысандарды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, танымал демалыс аймақтарында бейнебақылау камераларын орнату жоспарлануда. Бурабай, Баянауыл және Имантау-Шалқар курорттық аймағында туристік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, құтқару стансалары салынып, экологиялық соқпақ жолдар желісі дамытылуда және туристік нысандарға көлікпен қатынау қолжетімділігі жақсартылуда. 📱@KZgovernment
#новости · #kz · #политика · #telegram · #государство





























