Qazaqstan.tv » публикация №57261
Мемлекет басшысы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту үшін оны нақтылай түсіп, энергетика, инвестиция, көлік қатынасы, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм және басқа да перспективті салаларға бағытталған «жол картасын» әзірлеуді ұсынды 🟦Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе өзара тиімді инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін растады. 🟦Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының негізгі қатысушылары ретінде екі ел көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, контейнерлік тасымал көлемін кеңейту, тариф саясатын үйлестіру және цифрландыруды үдету бағытында дәйекті шаралар қабылдауға ниетті. 🟦Соңғы бес жылда Орта дәліз арқылы тасымал көлемі 3,5 есе өскен. 2029 жылға қарай аталған бағдар бойынша қатынайтын контейнерлік пойыздар саны 3 мыңға жетеді деп күтілуде. 🟦Қазақстан Батуми портынан бөлек, Грузияның басқа да теңіз айлақтарына кіруге мүдделі. Өткен жылы қазақстандық инвестордың қатысуымен Поти портында жаңа мультимодальді терминал ашылды. Анаклия порты – өңіраралық байланысты нығайту тұрғысынан қызықты жобаның бірі саналады. 🟦Цифрландыру мен жасанды интеллект өзара ынтымақтастықтың перспективті салаларының қатарында аталды. 🟦Екі ел цифрлық үкімет, онлайн мемлекеттік қызметтер және GovTech шешімдер бағытында тәжірибе алмасуға дайын екенін растады. 🟦Қазақстан Грузия стартаптары мен технологиялық компанияларының Astana Hub бағдарламасына және аймақтық технологиялық бастамаларға қатысуын құптайды. 🟦Бұдан бөлек, әңгімелесу барысында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы серіктестікті нығайту мәселесіне айрықша назар аударылды. 🟦Президент Грузияның қазақстандық туристер үшін танымал бағыттардың бірі саналатынын атап өтіп, еліміз де грузиялық меймандарды құшақ жая қарсы алуға дайын екенін айтты. 🟦Сонымен қатар Мемлекет басшысы мәдени алмасуларды қолдаудың маңызына мән беріп, екі елдің мәдениет күндерін ұйымдастыруды ұсынды.





























