UKIMET » публикация №24658
Проактивті инвестициялық саясатты жүзеге асыру бизнес тауашаларын айқындауға мүмкіндік береді — Серік Жұманғарин 📌ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Сенат депутаты Бекболат Орынбековтің сауалына жауап бере отырып, инвестиция тарту және жаңа экономикалық модельге көшу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. «Қолданыстағы инвестициялық модель жалпы алға қойылған міндеттерге сәйкес келеді. Өйткені қажетті тәсілдер 2025 жылдың соңында бекітілген Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасына енгізілген. Бұрын мемлекет негізінен қолайлы жағдай жасап, инвесторлардың бастамасын күтетін. Қазіргі жағдайда бұл жеткіліксіз. Біз өзіміз келешегі бар тауашаларды айқындап, жобалар әзірлеуіміз, технологиялық серіктестер іздеп, өндіріс іске қосылғанға дейін оларды жан-жақты сүйемелдеуіміз керек", — деді Серік Жұманғарин. Ол сондай-ақ белсенді экономикалық саясат негізі үш құрамдас бөліктен тұратынын айтты. Бірінші бағыт шеңберінде жалпы қосылған құн мен еңбек өнімділігін барынша арттыру үшін салаларға егжей-тегжейлі талдау жүргізіледі. Осы мақсатта «Бәйтерек» холдингінің рөлі күшейтіліп, оның құрылымында инвестициялық қызмет құрылды. Екінші бағыт инвесторларды Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы толық ақпараттанбау кезеңінен бастап, жобаларды іске асыруды бастау сатысына дейінгі «воронканың» барлық кезеңдері бойынша жүйелі әрі жедел сүйемелдеуді көздейді. Үшінші компонент несиелік қолжетімділікті арттыру және капиталды жұмылдыруды көздейді. Бизнесте кепіл тапшылығына байланысты «Бәйтерек» холдингінде екі кепілдік қоры құрылды. Біріншісі 7 млрд теңгеге дейінгі қарыздар бойынша 85%-ға дейін жабуды ұсынады, екіншісі 7 млрд теңгеден астам жобаларға есептелген. Бұдан басқа, кәсіпкерлердің өз қаражатымен қатысуына қойылатын талаптар 20%-ға дейін төмендетілді, сондай-ақ инвестициялық жобаларды қаржыландыруға екінші деңгейлі банктердің қатысуын кеңейту үшін қосымша ынталандыру жасалды. 📱@KZgovernment
#новости · #kz · #политика · #telegram · #государство





























