Qazaqstan.tv » публикация №56954
🔹Еліміздегі республикалық маңызы бар жолдарда 250 сервис стансасы салынады Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Көлік министрлігі мен «Car Park Transformer» ЖШС арасында жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, жол бойындағы сервис стансаларын салуға шамамен 180 млрд теңге инвестиция тарту жөніндегі жобаны мақұлдады. ✅Жоба аясында халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдар бойындағы қазіргі бар демалыс алаңдарында 2030 жылға дейін жол бойындағы 250 сервис стансасын салу жоспарланған. Оның ішінде алғашқы 50 нысан биыл салынып, пайдалануға беріледі. ✅Жаңа стансаларда санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар, сауда және қызмет көрсету пункттері, электрлі көліктерге арналған қуаттау стансалары, күн энергиясын өндіретін қондырғылар болады. Сонымен қатар жаңа стансалар іргелес аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілген заманауи көпфункционалды кешен ретінде салынады. ✅Жобаны жүзеге асыру халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жол бойындағы қызмет көрсету нысандары желісін кеңейтуге, электромобильдер үшін заманауи инфрақұрылым құруға және көлік саласында экологиялық бағдарланған шешімдерді енгізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жол бойындағы сервис стансаларының құрылысы жақын маңдағы өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға серпін береді. Жоба аясында 2 мың жаңа жұмыс орны ашылады. 🖇Бүгінде елімізде халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдар бойында 1 428 сервис нысаны жұмыс істейді.





























