ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТЫ » публикация №6669
◾️ Алматы қаласының тұрғыны бұрынғы жұбайына қатысты сотқа талап қоюмен жүгініп, 2009, 2012 және 2015 жылдары туған үш баласына төленетін алимент мөлшерін азайтуды сұраған. ◾️ Талап қоюшы материалдық жағдайының нашарлағанын алға тартып, әр балаға төленетін алиментті 5 АЕК мөлшеріне дейін төмендетуді өтінген. ◾️ Ол талабына негіз ретінде жеке кәсіпкерлікте жұмыс істейтінін және ай сайынғы жалақысы 100 мың теңге екенін көрсеткен. ◾️ Бұған дейін, 2016 жылы сот шешімімен одан әр балаға кәмелет жасына толғанға дейін 20 АЕК мөлшерінде алимент өндірілген болатын. ◾️ Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюды ішінара қанағаттандырып, алимент мөлшерін әр балаға 10 АЕК-ке дейін төмендеткен. ◾️ Алайда балалардың анасы бұл шешімдерге кассациялық тәртіппен шағым түсірген. ◾️ Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот істі қарап, талап қоюшы өзінің материалдық жағдайының нашарлағанын дәлелдейтін жеткілікті дәлелдемелер ұсынбағанын атап өтті. ◾️ Іс материалдарына, соның ішінде салық есептілігі деректеріне сәйкес, талап қоюшы сотқа жүгінген кезде көрсетілген жеке кәсіпкерлікте іс жүзінде жұмыс істемеген және балаларын асырауға жеткілікті табысқа ие болған. ◾️ Сонымен қатар, оған тиесілі автокөліктің формальды түрде әпкесіне сыйға тартылғаны анықталғанымен, көлік іс жүзінде оның өз пайдалануында қалған. ◾️ Бұл оның мүлкін жасырып, алимент төлеу жөніндегі міндеттемелерден жалтаруға тырысқанын көрсетеді. ◾️ Талап қоюшының материалдық немесе отбасылық жағдайының нашарлағанын растайтын тиісті дәлелдемелер болмағандықтан, кассациялық сот төменгі сатыдағы соттардың шешімдерінің күшін жойып, алимент мөлшерін азайту туралы талап қоюдан қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім қабылдады. Материалдарды пайдалану, дәйексөз келтіру немесе қайта жариялау кезінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ресми дереккөзіне міндетті түрде сілтеме жасау қажет. https://t.me/kass_sud_kz
#новости · #kz · #политика · #telegram · #государство





























