ҚР Парламенті Мәжілісі » публикация №20384
Қазақстанда қалдықтарды басқару және қайталама ресурстарды қайта өңдеу ережелері жаңарады Мәжіліс экология және экономиканың жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Парламент депутаттары бастамашы болған заң еліміздің экологиясын одан әрі дамытуға бағытталған. Құжат экологиялық саланы цифрландыру, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, көміртекті офсет тетіктерін дамыту, өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері қағидатын іске асыру, сондай-ақ Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің жұмысын жетілдіру шараларын көздейді. Сондай-ақ заңда мемлекеттік экологиялық сараптама мен қоғамдық тыңдаулар өткізуге қатысты жекелеген нормалар нақтыланады. Теңіздегі барлаудан басқа, инвестициялық жобалар мен көмірсутекті барлау жобалары үшін экологиялық рұқсат пен қорытынды алу мерзімдерін қысқарту көзделген. Көмірсутекті барлау, сондай-ақ газ бен оны қайта өңдеу өнімдерін, мұнай мен мұнай өнімдерін магистральдық құбыр арқылы тасымалдау қызметі I санаттағы объектілерден II санаттағы объектілерге жатқызылған. Екінші оқылымда депутаттар жер қойнауын пайдаланушыларға жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияны бірлесіп жүргізу үшін учаскелерді қосалқы жалға беру құқығын беретін нормаларды енгізді. Алауларды пайдалану кезінде ең үздік техниканы міндетті қолдану ережесі бекітілді. Париж келісімінің нарықтағы тетіктерін белгілеуге, Ұлттық үлесті орындау мақсатында парник газы шығарындыларын қысқартудың жалпы көлемінен Қазақстан Республикасының үлесін есепке алуға қатысты нормалар енгізілді. Орман кодексіне осы кодекс нормаларының қолданысын парник газдарын сіңіруге бағытталған жобаларды іске асыру жөніндегі қызметке таратуға қатысты түзетулер енгізілді. Түзетулер арқылы қалдықтарды басқару және қайталама ресурстарды қайта өңдеу жүйесін ұйымдастыру-техникалық және ақпараттық қамтамасыз ету тәртібі, сондай-ақ осы саладағы жарнамалық, білім беру және маркетингтік іс-шараларды қаржыландыру жөніндегі уәкілетті органның өкілеттіктері бекітіледі. Ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің жергілікті атқарушы органдарына коммуналдық қалдықтарды жинау, сұрыптау және көму орындарын ұйымдастыру құзыреті бекітіледі. Бұдан бөлек, уәкілетті орган қалдықтарды тұрақты есепке алу нысанын және оны толтыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту жөніндегі өкілеттіктерге ие болады. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің операторына мемлекеттік орман қоры аумағында өртті ерте анықтау жүйесін енгізуді материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі қызмет бағыты бекітіледі. t.me/mazhilis_kz
#новости · #kz · #политика · #telegram · #государство





























