ҚР Парламенті Мәжілісі » публикация №20369
Бюджет бойынша Үкімет есебі: экономиканың шикізаттық емес секторының рөлі артып келеді Мәжіліс жаңартылған Бюджет кодексі шеңберінде тұңғыш рет бюджеттік реттеудің жаңа тәсілдеріне көшу жағдайында жүзеге асырылған Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін назарға алды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, экономикалық өсудің оң динамикасын сақтап қалды. ЖІӨ өсімі 6,5%-ды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 13%-ға артып, 22,7 трлн теңгеге жетті. Өңдеу өнеркәсібінің экономикаға қосқан үлесі тұңғыш рет тау-кен өндіру секторының үлесінен (11,9%) асып түсіп, 13%-ды құрады. Бұдан бөлек, экономиканың өсуі мұнай өндірісінің ұлғаюы, жоғары инвестициялық белсенділік, ішкі сұраныстың артуы, сондай-ақ құрылыс, көлік және сауда салаларының жедел дамуы есебінен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, күрделі сын-қатерлер де сақталып отыр. Жыл қорытындысы бойынша инфляция 12,3%-ға жетіп, болжамды дәлізден айтарлықтай асып кетті. Бұл халықтың нақты табысының төмендеуіне әкелді. Номиналды табыстың өскеніне қарамастан, азаматтар шығыстарының басым бөлігі әлі де тамақ өнімдеріне және борыштық міндеттемелерді өтеуге бағытталып отыр. Республикалық бюджеттің негізгі параметрлері жалпы алғанда атқарылды. Алайда, салық түсімдеріне қатысты болжам екінші жыл қатарынан орындалмай қалды. 2025 жылы кіріс бойынша жалпы жоспар 336 млрд теңгеге орындалмаған. Жоғары аудиторлық палатаның пікірінше, бұның негізгі себептерінің бірі – шамадан тыс оптимистік болжам жасау үрдісі. Бюджет шығыстары бойынша 303 млрд теңге атқарылмады. Оған екінші жыл қатарынан негізгі себеп республикалық бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотында қаражаттың жеткіліксіздігі болды. Бұл ретте атқарылу деңгейі 98,8%-ды құрады. 2025 жылы республикалық бюджет сегіз рет түзетілді, бұл жоспарлау сапасының арттыру қажеттігін көрсетеді. Шығыстардың құрылымы іс жүзінде өзгеріссіз қалып отыр: олар – әлеуметтік қолдау, мемлекеттік қарызды өтеу және өңірлерге берілетін трансферттер. Сонымен қатар, бюджеттің атқарылу сапасы мен тиімділігі әлі де төмен деңгейде. 2025 жылы қаржылық заң бұзушылықтар көлемі 4,4 есеге, ал тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің көлемі шамамен 4 есеге өскен. t.me/mazhilis_kz
#новости · #kz · #политика · #telegram · #государство





























