UKIMET » публикация №24343
Серік Жұманғарин ЖІӨ құрылымында жеке инвестициялар басым екенін айтт 📌 Қазақстан экономикасы сапалы өсім көрсетіп отыр, ол өндірістік базаның нақты кеңеюімен қамтамасыз етілген. Негізгі капиталға салынатын барлық салымның 80%-дан астамы жеке көздер есебінен жүзеге асырылады. Бұл туралы Мәжіліс отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттардың ЖІӨ құрылымы туралы сұрақтарына жауап беру барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, бюджет шығыстарының ұлғаюына қарамастан, экономика ішкі және сыртқы инвесторлар есебінен дамып келеді: негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 22,7 трлн теңгеге жетсе, тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 14,4%-ға өсіп, $20,5 млрд-ты құрады. Премьер-министрдің орынбасары өнеркәсіп өндірісі мен өңдеу секторын негізгі драйверлер ретінде атады. Машина жасау, химия өнеркәсібі және құрылыс материалдарын өндіру салаларында жоғары қарқын байқалады, бұл еліміздің өндірістік әлеуетінің артып отырғанын көрсетеді. Төлем балансындағы бастапқы кірістің теріс сальдосын Қазақстан экономикасының ашықтығын көрсететін ірі жобаларды аяқталғаннан кейін инвесторлардың пайдасын елден шығаруының табиғи үдерісі ретінде сипатталды. «Қазір біз күресіп жатқан жалғыз мәселе – инфляция. Ұлттық банкпен және қаржы нарығын реттеуші органмен бірлесіп, бұл бағытта тиісті бағдарлама әзірленді, жұмыс жүргізілуде. Инфляция төмендеп келеді, өткен айдың қорытындысы бойынша 10,4%-ды құрады. Осы айда осындай төмендеу үрдісін сақтаймыз деп үміттенемін», — деді Серік Жұманғарин. 📱 @KZgovernment
#новости · #kz · #политика · #telegram · #государство





























