UKIMET » публикация №24337
Ұлытау мен Қызылорда арасындағы жол биыл толығымен аяқталады 📌 Қазақстанда жол инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Биыл Ұлытау мен Қызылорда арасындағы жолды толық аяқтау жоспарланып отыр, ал айдың соңына дейін орталық өңірдегі негізгі жобалардың бірі — «Қарағанды – Жезқазған» автожолының құрылысын бастау көзделуде. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында депутаттардың сұрақтарына жауап беру барысында айтты. «Шынында да, өткен жылдың соңында «Қызылорда – Жезқазған» автожолының 216 шақырымының құрылысы аяқталды. Биыл Ұлытау мен Қызылорда арасындағы жолды толық аяқтап, оны халық игілігіне беретін боламыз. Сонымен қатар «Қарағанды – Жезқазған» автожолы — аса маңызды жобалардың бірі. Жолдың ұзындығы 575 шақырым, құны 524 млрд теңгені құрайды. Оның құрылысын да осы айдың соңына дейін бастаймыз және алдағы екі жыл ішінде сапалы түрде аяқтаймыз», — деді Нұрлыбек Нәлібаев. Жалпы еліміз бойынша биыл 11 мың шақырымнан астам жол күрделі, орташа жөндеумен және қайта жаңартумен қамтылған. Сондай-ақ, жұмыстар жаңа көпірлер салу мен абаттандыруды қоса алғанда, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда да жүргізілуде. Алдағы жобалардың қатарында ұзындығы 765 шақырым, құны 725 млрд теңге болатын «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысы бар. Сондай-ақ, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін жаңғырту шеңберінде «Ақтөбе-Қызылорда» учаскесі екінші санаттан бірінші санатқа ауыстырылатын болады. Ол бойынша жұмыстарды биыл бастау жоспарлануда. Одан бөлек, Жаңаөзеннен Түрікменстанмен шекараға дейінгі жолды жаңғырту және жол инфрақұрылымының басқа да маңызды объектілерін аяқтау жалғастырылмақ. 📱 @KZgovernment
#новости · #kz · #политика · #telegram · #государство





























