ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТЫ » публикация №6611
Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі ◾️ Астанада сот билігі, мемлекеттік органдар, бизнес және инвесторлар арасындағы ашық диалог алаңына айналған «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» атты дәстүрлі форум өтті. ◾️ Іс-шараға қазақстандық және шетелдік судьялар, сарапшылар, ірі компаниялардың басшылары және халықаралық іскерлік қоғамдастық өкілдері қатысты. ◾️ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Мемлекет басшысы елдің инвестициялық тартымдылығының басты факторларының бірі ретінде тиімді институционалдық ортаның маңыздылығын атап өтті. Мемлекет мүдделері мен бизнес пен инвесторлардың күтулері арасындағы әділ теңгерімді сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударылады. ◾️ Жоғарғы Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиев әкімшілік рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етудегі, кәсіпкерлерді қорғаудағы және инвестициялық қызметке байланысты дауларды тиімді шешудегі сот жүйесі мен мамандандырылған институттардың рөліне назар аударды. ◾️ Қазақстандық юрисдикцияны дамытуға инвесторлардың практикалық тәжірибесі мен көзқарасымен Cove Capital директорлар кеңесінің төрағасы Пини Альтхаус, Alstom компаниясының Батыс және Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Жером Бойе, Германия экономикасының Орталық Азиядағы өкілдігінің басшысы Эдуард Кинсбрунер және Freedom Holding Corp Бас директоры Тимур Турлов бөлісті. Олар инвесторлар алдында тұрған өзекті сын-қатерлерді белгілеп, бизнесті қорғаудың құқықтық тетіктерін одан әрі жетілдірудің маңыздылығын атап өтті. ◾️ Ашық және болжамды құқықтық ортаны қалыптастыру тақырыбын «Атамекен» ҰКП Төрағасы Қанат Шарлапаев, «Теңізшевройл» ЖШС-нің Бас директоры Уильям Лакоби, «UBM Kazakh Investment» ЖШС-нің Бас атқарушы директоры Золтан Нитрай және «Қазақстан Инвесторлар қауымдастығының» Басқарма төрағасы Рустам Жүрсінов жалғастырды. Мемлекет пен бизнес арасындағы тұрақты белгісіздікті төмендету және сенімді нығайту қажеттігі атап өтілді. ◾️ Қатысушылар Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған әкімшілік әділет жұмысының нәтижелеріне ерекше назар аударды. Оның тиімділігі мен инвестициялық климатқа әсері туралы «Wabtec» компаниясының аймақтық аға вице-президенті Қанат Алпысбаев пен «Kazak Protein» ЖШС-нің Бас директоры Коксал Салих Юлдыз айтып берді. ◾️ Форум барысында Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның жоғары сот органдарының өкілдері - Аслан Түкиев, Шухрат Полванов және Нұргүл Бакирова, Әзербайжан Жоғарғы Сотының судьясы Сайяд Кәрімов, ҚР Конституциялық сотының судьясы Роман Подопригора, GIZ қоғамының комплаенс бөлімінің басшысы Йорк Пуделька, ҚР Мәжілісінің депутаты Марат Башимов және ҚР әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының төрағасы Берік Нәжімиденов Еуразия құрлығындағы әкімшілік әділетті дамыту перспективаларын талқылады. Құқық қолдану практикасын, сот рәсімдерін жетілдіру және озық әлемдік стандарттарды ескере отырып, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері басты назарда болды. ◾️ Қорытындылай келе, қатысушылар сараптамалық пікірталастың жоғары деңгейін, сындарлы өзара іс-қимыл атмосферасын және форумның практикалық маңыздылығын атап өтті. Әкімшілік әділетті одан әрі дамыту құқық үстемдігін нығайтудың, инвестициялық тартымдылықты арттырудың және Қазақстанның орнықты экономикалық дамуының маңызды шарты болып қала беретіні атап өтілді. ◾️ Ынтымақтастықтың жаңа форматы судьяларды, ғалымдар мен сарапшыларды тәжірибе алмасу, кәсіби диалогты дамыту және еуразиялық кеңістікте әкімшілік сот ісін жүргізудің үздік практикасын ілгерілету үшін біріктіруге арналған.
#новости · #kz · #политика · #telegram · #государство





























