PRO КАДРЫ KZ » публикация №53632
Балаларға базарлық: Қызылорда ботаникалық бақ пайдалануға берілді Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күнінде Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары Мемлекет басшысының қолдауымен салынған Ботаникалық бақтың ашылу рәсіміне қатысты. Құрылысына 4,9 млрд теңге бөлінген, 4000 шаршы метрді құрайтын нысанның іргетасы былтыр қыркүйек айында сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен қаланған болатын. Ашылу рәсімінде облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы балаларды мерекемен құттықтап, Ботаникалық бақ жұмысы жеткіншектердің тиімді демалысын ұйымдастыруға және тың жобаларды жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті. «Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұл-қыздарымыздың парасатты, жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтарымыздың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау – мемлекетіміздің басты міндеті», – деген болатын. Бұл жай ғана балалар серуендейтін саябақ емес, табиғат пен ғылымды ұштастыратын, экологиялық мәдениетті қалыптастыратын көпфункционалды кешен болмақ. Осы бақтан біздің аймақтың ғана емес, бүкіл еліміздің экологиясын зерттейтін болашақ ғалымдар, биологтар мен агрономдар шығады деп сенеміз», – деді Мұрат Нәлқожаұлы. Ботаникалық бақ – экологиялық танымды, туризмді дамытуға және жаңа қоғамдық кеңістіктер құруға бағытталған заманауи көпфункционалды кешен. Жалпы ауданы 1500 шаршы метр болатын екі жылыжайға Африка, Оңтүстік Америка, Австралия, Жапония, Қытай және Мадагаскар сияқты әлемнің әр аймағынан 92 түрлі 3300-ден астам өсімдік егілген. Веерлі пальма, Канар құрмасы, кактус пен алоэ, вашингтония пальмасы, стрелиция, жакаранда, алып юкка, мақта ағашы, бамбук, сәндік өсімдіктер, кариота жайқалып тұр. Бұл өсімдіктер гүлдегенде хош иісі аңқып, қызғылт сары, көгілдір, күлгін сияқты алуан түске боялады. Өсімдіктерге қолайлы жағдай жасау үшін микроклиматты автоматты басқару, суару және су дайындаудың заманауи инженерлік жүйелерімен жабдықталған. Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі Подпишись на prokadrykz





























