Aqorda » публикация №32917
📩 Мемлекет басшысының атына Құрбан айт мерекесіне орай келіп түскен құттықтау жеделхаттары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Құрбан айт мерекесіне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттары келіп түсіп жатыр. 🇺🇿Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Құрбан айт тарихы мен тілі, діні мен дәстүрі ортақ халықтар арасындағы бауырластықты одан әрі нығайта түсетінін атап өткен. – Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы беки түсетініне сенімдімін, – делінген жеделхатта. 🇰🇬Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Құрбан айтты рухани тазарудың, қайырымдылық пен ынтымақтастықтың белгісі ретінде сипаттаған. – Бұл қастерлі мейрам тарихтан тамыр тартатын достығымызды, бауырластығымызды, халықтарымыз арасындағы өзара құрметті арттыра беретініне сенімім мол, – деп жазылған құттықтауда. 🇹🇯Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон аталған мерекенің елдер арасында достықты, тиімді ынтымақтастық пен түсіністікті нығайтудағы маңызына тоқталған. – Қастерлі мейрам ғасырлар бойы халықтарымызды ізгілікке, жомарттыққа, әділдікке, өзгеге көмек қолын созуға үндеп келеді, – деп жазылған Тәжікстан Президентінің құттықтауында. 🇹🇲Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов сенім мен жанашырлық салтанат құратын қастерлі мереке күллі мұсылман үмбетін біріктіретінін жазған. – Ортақ рухани құндылықтарға деген ұмтылыс халықтарымыз арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ете беретініне күмәнім жоқ, – делінген жеделхатта. Құрбан айт мейрамына орай өздерінің ізгі тілектерін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай Әміршісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, Кувейт Әмірі шейх Мишааль әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабах, Кувейттің Тақ мұрагері Сабах Халид әл-Хамад ас-Сабах, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Алжир Президенті Әбделмәжид Теббун, Ауғанстан Премьер-министрі Мохаммад Хасан Ахунд, Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Хиссейн Брахим Таха, ИСЕСКО бас директоры Салим бен Мұхаммед әл-Малик, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев және тағы басқалар жолдады. Құттықтау хаттары әлі де келіп түсіп жатыр. t.me/aqorda_resmi





























