UKIMET » публикация №24824
Олжас Бектенов ағымдағы гидрологиялық жағдай бойынша жиын өткізді: су деңгейі қалыпты жағдайда, тәулік бойы мониторинг ұйымдастырылған 📌 Премьер-министр Олжас Бектенов төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Алдамжаровтың, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдерінің қауіпті гидрологиялық құбылыстарға байланысты ел аумағындағы ахуал туралы есептерін тыңдады. ТЖМ-ның Республикалық жедел штабы мен өңірлік штабтар тәулік бойы жұмыс істеуде. Алматы қаласы мен Алматы облысының аумағындағы жағдайға қатысты төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов тәулік бойы жұмыс істейтін 12 су бекеті қойылғанын баяндады. Ақсай бөгетінде қорғаныш үйіндісін ұлғайту, құрылысты инертті материалдармен нығайту жұмыстары және үздіксіз бақылау жүргізілуде. Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылындағы жағдай қадағалауда. Барлық апаттық-қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылған, жағалауды нығайту және өзен арналарын тазарту жұмыстары жүргізілуде. «Қазселденқорғау» бекеттері тұрақты мониторинг пен бақылауды қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі уақытта су деңгейі қалыпты жағдайда. Маңғыстау облысында Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдікпен бірлесіп, су айдау және су басу салдарын жою жұмыстары жалғасуда. Қажетті күштер мен құралдар жедел жағдайдың кез келген өзгерісіне жедел ден қоюға дайын. Жалпы алғанда, су тасқыны қаупі жоғары барлық өңірде Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдарының, оның ішінде авиацияны топтастыру алдын ала күшейтілді. Құтқару бөлімшелерінің, инженерлік және апаттық-құтқару техникаларының кезекшілігі ұйымдастырылды. Қазгидрометтің мәліметінше, алдағы күндері еліміздің барлық аумағында жауын-шашын мол болады деп болжануда. Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарында нөсер жаңбыр жауады деп күтілуде.
#новости · #kz · #политика · #telegram · #государство





























