Qazaqstan.tv » публикация №57390
Мемлекет басшысы Anadolu Group холдингінің төрағасы Камиль Сулейман Языджиді қабылдады ✔️Кездесу барысында инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және экономиканың түрлі секторындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. ✔️Президент холдинг құрамына енетін Efes Kazakhstan және Coca-Cola Almaty Bottlers кәсіпорындары елімізде көптеген жылдар бойы табыс тауып, жұмыс орындарын құруға, инвестиция тартуға және салық түсімдерін ұлғайтуға үлес қосып келе жатқанын атап өтті. ✔️Камиль Сулейман Языджи Мемлекет басшысына компаниялар тобының Қазақстандағы жұмыс нәтижесі мен жаңа инвестициялық бастамаларды қолға алу перспективасы жөнінде мәлімет берді. ✔️Атап айтқанда, Anadolu Group 30 жылда 1 миллиард долларға жуық инвестиция құйып, 10 мыңнан аса жұмыс орнын ашқан. ✔️Компанияның сусын өндірісі бойынша 5 зауыты бар, сондай-ақ Ақтөбе облысында 100 миллион доллар қаржы тартылған алтыншы кәсіпорнының құрылысы басталды. ✔️Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның экономиканы әртараптандыру, өнеркәсіпті жаңғырту және қосылған құны жоғары өнім өндірісін дамыту бойынша дәйекті жұмыс жүргізіп келе жатқанына тоқталды. ✔️Осы орайда Anadolu тобының Қазақстандағы қызмет аясын одан әрі кеңейтуге, соның ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі экспортқа бағдарланған, сондай-ақ инновацияларды енгізуге және орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған басқа да салалардағы жобаларды іске асыруға қызығушылық танытатыны жөнінде айтылды.





























