Qazaqstan.tv » публикация №57209
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы БАҚ күнін атап өтті Бүгін 28 маусым - Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай «Qazaqstan», «Balapan», «Qazsport», «Abai tv» телеарналары мен «Қазақ радиоларының» қызметкерлері бүгін Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай тимбилдингте бас қосты. Кәсіби мереке қарсаңында бірқатар қызметкер салалық марапаттарға, Басқарма төрағасының «Құрмет грамотасы» мен Алғыс хатына ие болды. Қызмет жолында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыруға және Қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін «Еңбек ардагері» медалімен «Qazaqstan» ұлттық арнасы жаңалықтар қызметі директорының орынбасары Қайрат Мұсақұлов және Корпорация ардагері Мақсат Дүйсмағамбетов марапатталды. Бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту саласындағы ерекше еңбегі үшін Корпорацияның «Алтын жаршы» төсбелгісі «Qazaqstan» ұлттық арнасы Жаңалықтар қызметінің монтаж бейнеинженері Аршын Ахметке, ал «Күміс жаршы» төсбелгісі Диджитал департаментінің атқарушы продюсері Айдос Жұқанұлына табысталды. Еңбекте жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыруға және Қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін «Qazaqstan» ұлттық арнасының продюсері Ботагөз Бекенова, «Qazsport» телеарнасының бас режиссері Амангелді Боранов, «Balapan» телеарнасының шығарылым редакторы Салтанат Балабаева, «Abaı TV» телеарнасының бағдарламалар директоры Әсел Шоқаманова «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.





























