PRO КАДРЫ KZ » публикация №53363
Қызылорда бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілті Бүгін Сыр өңірінде Мемлекет басшысының қолдауымен «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығының ашылу және бір мезетте 10 тұрғын үй кешенінің 600 пәтерін иелеріне табыстау рәсімі өтті. Салтанатты шараларға Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары мен қала тұрғындары қатысты. Жыл бойы үздіксіз қызмет көрсететін, оқушылар демалысын тиімді ұйымдастыру үшін ашылған «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы Президент саябағы аумағында орналасқан. Рәсімде облыс әкімі жаңа орталық жас ұрпақтың жан-жақты дамуына, демалысына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін маңызды жоба екенін атап өтті. «Заманауи орталықтың материалдық-техникалық базасы әлемдік озық стандарттарға толық сәйкес келеді. 300 орындық орталық аумағында 5 мың шаршы метрге жуық әкімшілік ғимарат, ауқымды іс-шараларға арналған ивент-аймақ, 4 жайлы жатақхана және қонақүй үлгісіндегі ғимарат бар. Балалардың демалысы мен жан-жақты дамуына қажетті инфрақұрылым толық қарастырылған. Алдағы уақытта 17 мыңнан астам шаршы метр аумағы толық абаттандырылып, көгалдандырылады. Халықаралық Балаларды қорғау күні қарсаңында ашылып отырған бұл орталықты Мемлекет басшысының қолдауымен жас ұрпаққа жасалған тамаша тарту», – деді Мұрат Нәлқожаұлы. Президент саябағы аумағы да Қызылордадағы қарқынды құрылыс алаңына айналған. Оқу-сауықтыру орталығы – мұндағы іске қосылған алғашқы нысан. Бұдан кейін, аймақ басшысы тұрғын үй кілтін табыстау рәсімінде кейінгі жылдардағы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобаларды атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қолжетімді баспана – арман емес, біздің азаматтарымыздың алдындағы міндетіміз» деген болатын. Бүгін тұрғын үй кезегінде тұрған жерлестерімізге жалпы аумағы 33 мың шаршы метрден асатын 600 пәтердің кілтін табыстап отырмыз. Тұрғын үй кешенінің аумағында екі футбол, төрт спорт және ойын алаңы, тынығу аймағы, 250 орындық автотұрақ және үш коммерциялық нысан орналасқан. Алдағы уақытта да шаһар келбетіне сән беретін заманауи тұрғын үйлер бой көтереді», - деді Мұрат Ергешбаев. Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауы - кейінгі жылдары ерекше қарқынмен дамыған аумақ. Бүгінде сол жағалауда 169 нысан бар, 136 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, мыңдаған отбасы баспаналы болды. Халыққа қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 20 әлеуметтік және 13 бизнес нысаны жұмыс істейді. Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі





























