Qazaqstan.tv » публикация №57022
Мемлекет басшысы ынтымақтастық әлеуеті зор екенін алға тартып, Қазақстан бұл ретте шынайы стратегиялық серіктестікті жақтайтынын жеткізді – Ең бастысы, біз ортақ табысқа жеткізетін сенім мен ұзақ мерзімді міндеттемені ұсынамыз. Еуропалық серіктестер табысы жоғары инвестициялық жобаларға белсенді түрде атсалысады деп сенеміз. Еуропалық қаржы институттарының Қазақстанның орнықты экономикалық дамуына және өңірлердің өзара байланысын нығайтатын бастамаларға қолдау көрсеткенін құптаймыз. Осы орайда Еуропалық инвестициялық банктің қосқан үлесін жоғары бағалаймын. Банк вице-президенті Мора бүгін арамызда отыр. Сондай-ақ экономикалық диалог өрбітіп, Қазақстан мен Еуропалық Одақтың сауда күн тәртібін ілгерілету ісінде жетекші рөл атқарғаны үшін комиссар Шевчовичке алғыс айтамын. Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықты дамыту жолындағы күш-жігері үшін Арнайы өкіл Стипрайсқа ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. ✔️Мемлекет басшысы сөз соңында бүгінгі пікірталастар Қазақстан мен ЕО-ның стратегиялық серіктестікке қатысты ұстанымы ортақ екенін тағы да растағанын айтты. – Орта дәлізді Еуропалық Одақтың Global Gateway стратегиясымен ұштастыру бойынша келісім үдерісі жүргізілуде. Біз Еуропа мен Азия арасындағы қауіпсіз әрі орнықты көлік жолының негізін қалап жатырмыз. Еуропаның инвестициясына және озық технологиясына айырбас ретінде маңызды қазба байлықтары мен қуат ресурстарын пайдалануға мүмкіндік беретін прагматикалық формуланы ұсыну арқылы сенімді серіктес болуға әзірміз. Жоғары технологиялық агробизнестен бастап жасанды интеллект саласындағы жаңашыл өнертабыстарға, АХҚО аясындағы қаржыландыру тетіктеріне дейінгі көптеген салада ұзақмерзімді интеграцияға ашықпыз. Үкіметіміз маңызды бастамаларды тез әрі табысты іске асыру үшін коммерциялық ұсыныстарыңызды зерделейтін болады, – деді Президент.





























