Qazaqstan.tv » публикация №56976
Мемлекет басшысы Бельгияда тұратын отандастармен кездесті Брюссельге ресми сапармен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта Бельгияда білім алып, жұмыс істеп жатқан Қазақстан азаматтарымен кездесті. Президент шетелде білім алып, жұмыс істеп жүрген отандастарымызға қолдау білдірді. – Елімізге сіздер сияқты білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар қажет. Қай жерге барсам да жастарға қолдау білдіріп жүремін. Шын мәнінде, бұл жай айтыла салған сөз емес. Жастарға қолдау көрсету – мемлекеттің ұзақмерзімді саясатының бір бөлігі. Жастарымыз әлемнің әр түкпірінде білім алып, еңбек етуде. Мен Президент ретінде мұны қолдаймын. Себебі қай жерде жүрсеңіз де, қазақ болып қаласыз. Біз озық, дамыған, әділетті ел болуымыз керек. Осындай елдің негізін қалау үшін бәріміз бір ел, бір халық болып атсалысуымыз керек, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жаңа Негізгі заңында білім мен ғылымды және инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде белгіленгенін айтты. Сонымен қатар жастарды бірнеше шет тілін меңгеруге шақырды. Кездесу соңында Президент Бельгияда тұратын студенттер мен Қазақстан азаматтарына табыс тіледі.





























