Азат Перуашев » публикация №16272
Осындай себептермен, «Ақ жол» Демократиялық партиясының жетекшілігіне мен партиямыздың Ақ жұлдызы, қаржыгер, Мәжіліс вице-спикері Дания Мәдиқызы Еспаеваның кандидатурасын ұсынып отырмын. Құрметті әріптестер! Сіздердің қарауларыңызға «Ақ жол» демпартиясының төрағасы лауазымына әріптесіміз, партиямыздың жарқын жұлдызы, қаржыгер, банкир, Парламент Мәжілісінің вице-спикері Дания Мәдиқызы Еспаеваның кандидатурасын ұсынамын. Дания Еспаева 2019 жылғы сайлауда Қазақстан тарихындағы Президенттікке түскен алғашқы әйел кандидат ретінде өз есімін еліміздің саяси тарихына әлдеқашан жазып қойған. Сол кезде оның есімі Еуропарламентте посткеңестік кеңістіктегі либералдық өзгерістердің жарқын үлгісі ретінде аталды. Ал қазақстандық басылымдарда Дания Мәдиқызы туралы «Патшайым жүрісі» және «Еуропадағыдай өмір сүргіңіз келсе – Данияны таңдаңыз!» деген тақырыптармен мақалалар жарық көрді. Дания Мәдиқызы – «Парламенттік оппозиция туралы», «Заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы», «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы», «Банктер туралы» заң жобаларының, Кәсіпкерлік кодекстің, «Конституцияның қабылдануына байланысты азаматтарға рақымшылық жасау туралы» заң жобасының бірлескен авторы, Конституциялық комиссияның мүшесі және т.б. Бүгінде ол – Қазақстан тарихындағы парламенттік оппозициядан сайланған алғашқы вице-спикер. Ал біздің қолдауымыздың арқасында парламенттік партияны басқарған алғашқы әйел көшбасшы атанады. Банк басқарудағы көпжылдық тәжірибесі мен өнеркәсіптік өңірдегі екі шақырылым мәслихатының депутаты ретіндегі қызметі арқылы ол көптеген кәсіпкерлердің алғашқы қадамына қолдау көрсетіп, бизнеске жол ашты. Дания Еспаева бизнестің тыныс-тіршілігін терең біледі. Оның тікелей қатысуымен гаражда техника құрастырудан бастаған кәсіпкерлер кейін ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарға айналды. Шын мәнінде, Дания ханым – қазіргі Қазақстанның саясаты мен экономикасындағы жаңа үрдістер мен дәстүрлердің бастауында тұрған тұлға. Оның интеллектісі, дұрыс шешім қабылдай білу қабілеті, батылдығы, өзгелер мүмкін емес деп санаған істерді алғаш болып жүзеге асыруға деген жігері партиямызға жаңа серпін, тың идеялар мен оң өзгерістер әкелетініне күмәнім жоқ. Мәжілістегі фракциямыздың депутаттары да нақты мәселелер бойынша біздің кейде пікірталасқа түсетінімізді және Дания Мәдиқызының көптеген бағыттарда өзіндік көзқарасы бар екенін растай алады. Ол партиямыздың тұжырымдамалық ұстанымдарын жаңа мазмұнмен толықтырып, «Ақ жол» демпартиясының мүмкіндіктер көкжиегін кеңейте алады. Ал оның партияны дамытуға қатысты идеяларының мол екеніне биылғы ақпанда өткен «Ақ жолдың арулары» әйелдер форумы барысында бәріміз куә болдық. Сонымен бірге мен өзімнің «Ақ жол» демократиялық партиясының, сондай-ақ партия Ұлттық кеңесі президиумының мүшесі және сіздермен бірге талай сыннан өткен серіктестеріңіздің бірі болып қала беретінімді ерекше атап өткім келеді. Алдымызда әлі де атқарар ауқымды жұмыстар бар екеніне сенімдімін. Ең алдымен, жаңа Конституцияны іске асыруға бағытталған заңдарды қабылдау жұмысын жалғастыруымыз қажет. Сондықтан Мәжілістің осы сессиясы аяқталғанға дейін мен парламенттік фракцияның жетекшісі әрі партиямыздан сайланған Мәжіліс депутаты болып қала беремін. Егер партия қажет деп тапса, алдағы уақытта да ортақ идеяларымызды ілгерілетуге өз үлесімді қосуға, алдағы сайлауларға қатысуға және жаңа төрағаға сайлауалды науқанда қолдау көрсетуге дайынмын. Алайда бұл мәселе алдағы уақыттың еншісінде және партияның өз шешіміне байланысты болады. Мұны біздің бірлігіміз бен ортақ мақсаттарымыздың өзгермейтінін көрсету үшін айтып отырмын. Жаңа төрағаның сайлануы партиямыздың идеологиялық ұстанымдарын да, сайлаушылармен және мемлекеттік органдармен жұмыс істеу тәсілдерін де жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деп есептеймін. Осылайша, құрметті әріптестер, аталған екі мәселені де съезд қарауына ұсынамын.





























