Азат Перуашев » публикация №16271
Бүгінде Қазақстан тек шикізат экспорттаушы ел болып қана қоймай, металлургиялық және жоғары технологиялық өнімдер өндіретін алпауыт жобалар жасайтын мемлекетке айналуға бағыт алып отыр. Біз барлық уақытта машина жасаудың алдыңғы шебі саналатын автомобиль өнеркәсібін қолдап келдік. Ал қарқынды даму қаласы ретінде қалыптасып жатқан Алатау-Ситиде бүгінде ұшқышсыз әуе таксилері пайда болып, жаңа технологияларды автономды реттеу тетіктері енгізілуде. 2017 жылы біз Ұлттық банкпен пікірталас жүргізіп, инвестиция тартудың құралы ретінде криптоиндустрияны дамытуды талап еттік. Ал өткен жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен криптовалюта қоры құрылып, стейблкоиндар мен нақты сектор кәсіпорындарының токендері іске қосылуда. 2019 жылы «Ақ жол» демократиялық партиясы өндірісті роботтандыруды дамытуды ұсынған болатын. Ал биылғы жылды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллект жылы деп жариялады. Кеше ғана Digital Qazaqstan цифрлық даму стратегиясы қабылданды. Мұндай мысалдарды тағы да көптеп келтіруге болады. Саяси жүйедегі өзгерістердің терең сипатын өзге партиялардағы, соның ішінде билік партиясындағы өзгерістер де айқын көрсетіп отыр. Көріп отырғанымыздай, олар да жаңа жұмыс форматтарын іздеуде. Бұл – заңды құбылыс. Өміршең саяси ұйым ұлтпен бірге дамуға әрдайым дайын болуы тиіс. «Ақ жол» демпартиясы ұлттық мәдениетіміз бен құндылықтарымызға жат идеялар мен әрекеттерге қарсы иммунитетін талай рет дәлелдеді. Сонымен бірге партияның уақыт талабына сай дамып, жаңа әрі оң өзгерістерді қабылдай білуі де маңызды. Біз өзгерістердің табалдырығында емес, қазірдің өзінде бүгінгі шындықты өзгертіп жатқан оқиғалардың қақ ортасында тұрмыз. Бірақ монополия мұндай үдерістерге кедергі келтіруі мүмкін. Ал монополияның ең тиімді емі – басшылықтың мерзімді түрде жаңарып отыруы. Сондықтан өзімнің де «қола мүсінге» айналмай, жаңа идеялар мен тың серпіндердің жолын бөгемеуім үшін партия төрағасы өкілеттігін тоқтатуым туралы шешім қабылдадым. Жаңа көзқарастарға, жаңа бастамаларға жол беру мақсатында мен партия төрағасы қызметінен кету туралы шешім қабылдадым. Бұл шешімді дауласпай қабылдауларыңызды өтінемін. Бұл бүгін, Құрылтай сайлауы жарияланғанға дейін, жаңа төрағаның партияны да, сайлауалды науқанын да толыққанды басқаруды өз қолына алуы үшін аса маңызды. Әріптестерімді осы шешімді қолдауға және оған қарсылық білдірмеуге шақырамын. Сонымен қатар уақыт тығыз екенін ескере отырып және белгісіздікке жол бермеу үшін съезд қарауына жаңа төраға кандидатурасын ұсынамын. Меніңше, «Ақ жол» демпартиясының жаңа төрағасы өзіндік идеялары, харизмасы, басқару стилі және партияның болашағына қатысты өз көзқарасы бар тұлға болуы тиіс. Яғни, бұл қандай жағдайда да сырттан келген адам емес, «ақжолдықтарға» да, сайлаушыларға да жақсы таныс, партиямыздың танымал көшбасшыларының бірі ретінде қалыптасқан және есімі «Ақ жолмен» тікелей байланыстырылатын тұлға болуы қажет. Ол жаңа идеялар әкелумен қатар, партияның сабақтастығын сақтап, дамудың жүйелі әрі бірізді жалғасуын қамтамасыз ете алуы тиіс. Бұл алдағы жалпыхалықтық Құрылтай сайлауы қарсаңында ерекше, тіпті шешуші мәнге ие. Біздің қатарымызда лайықты кандидаттар аз емес. Егер мүмкіндік болса, мен төрағалыққа бір емес, жиырма-отыз адамды қатар ұсынар едім. Олардың барлығы да бизнесте де, саясатта да, халқымыздың адал патриоты ретінде де өзін дәлелдеген азаматтар. Алайда «Ақ жолдың» да, басқа партиялардың да тәжірибесі көрсеткендей, тең төрағалық моделі тиімді ұйымдастырудың үздік үлгісі емес. Әрине, съезге бірнеше кандидатураны баламалы түрде ұсынуға да болар еді. Бірақ бұл рәсімдердің созылып кетуіне, пікірталастардың шамадан тыс ушығуына және дәл қазір ерекше қажет болып отырған бірлігімізге нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан менің ұсынысым прагматикалық пайымға негізделген және съезд делегаттарын оны қолдауға шақырамын. Дегенмен түпкілікті шешім съездің құзырында қалады.





























