Азат Перуашев » публикация №16270
Бүгінгі “Ақ жол” Демпартиясының съезінде сөйлеген сөзім Құрметті достар! Өздеріңіз білетіндей, биыл Қазақстан халқы жаңа Конституцияны қабылдады. Оның аясында саяси модель мен мемлекеттік басқару жүйесі, сондай-ақ саяси институттардың өзі түбегейлі өзгеріп жатыр. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы, Президент Қ.Тоқаев бірқатар концептуалды реформаларға бастамашылық етті. Сол реформалардың нәтижесінде саяси үдерістің барлық субъектілері қызметтік және мазмұндық тұрғыдан жаңарып, қайта серпін алуы тиіс. Осы тұрғыдан, парламенттік партия ретінде біздің алдымызда өзгерістердің, Конституциялық реформалардың алдыңғы шебінде жүру міндеті тұр. Біз «Ақ жол» демократиялық партиясының Қазақстанның терең тарихи тамыры бар заманауи мемлекет, прогрессивті қоғам және болашаққа ұмтылған ұлт ретінде нығаюы мен дамуына өзіндік үлес қосуын қамтамасыз етуіміз қажет. 2022 жылғы конституциялық реформаға, Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының қызметіне және қазіргі Конституциялық комиссияның жұмысына тікелей қатыса отырып, мен партиямызға қатысты жаңа көзқарас пен тың идеялардың қажеттілігі туралы ойлана бастадым. Осыдан екі-ақ күн бұрын Ұлттық кеңестің мүшелері, өңірлік филиалдар, жергілікті мәслихаттардағы депутаттарымыз бар, жалпы саны 300-ден астам адамды біріктірген ортақ чатымызда көпшілігіңіз мені «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы болып сайланғаныма 15 жыл толуымен құттықтадыңыздар. Шынында да, осы уақыт ішінде біз сіздермен бірге үлкен жолды жүріп өттік. Кіші және орта бизнестің мүдделерін қорғау, отандық өнеркәсіпті қолдау, «Алаш» ұлттық идеясын ілгерілету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен капиталды елге қайтару, мұнай келісімдеріндегі ұлттық мүддені қорғау, экономикалық құқық бұзушылықтарды қылмыстық сипаттан арылту және басқа да көптеген бағыттарда үлкенді-кішілі бірталай нәтижелерге қол жеткіздік. «Ақ жол» демократиялық партиясы депутаттарының Парламентте немесе жергілікті мәслихаттарда көтерген мәселелерінің нәтижесінде талай кәсіпкер сот залынан босап шықты, заңсыз санкциялар күшін жойды, жабылудың аз-ақ алдында тұрған кәсіпорындар қалыпты жұмысын қайта жалғастырды, мемлекеттік мүдделерді ілгерілетуге және жаңа бизнестер ашуға тың мүмкіндіктер туды. Біздің атқарған жұмыстарды мақтан тұтуымызға толық негіз бар. Осы орайда, қадірлі әріптестерім мен пікірлестерім, әрқайсыңызға осы жылдар бойы бірге атқарған табанды әрі нәтижелі еңбектеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. «Ақ жол» демократиялық партиясын, Алтайдан Атырауға, Бескөлден Шардараға дейінгі барша серіктестерімізді жеке бастың пайдасы емес, ортақ мұрат – елге қызмет ету және Отандастарымыздың өмірін жақсартып, әділетті ету мақсаты біріктіреді. Осыған байланысты бір ойымды ортаға салғым келеді. Алдыңғыкүні мені партия төрағасы қызметінде болғаныма 15 жыл толуымен шын жүректен құттықтағандарыңыз мені соңғы бір жыл бойы толғандырған шешімді қабылдауға түпкілікті түрткі болды. Кез келген, тіпті ең озық басшылықтың өзі уақытылы жаңарып отырмаса, монополияға айналады. Ал монополия балама идеяларды қабылдамайды, өзгенің бастамаларын тұншықтырады, ақыр соңында тұлғаға табынушылыққа ұласады. Мұның салдарын біз жуырда ғана тұтас мемлекет ауқымында көрдік. Егер адам өмірінің бір бөлігін арнаған ісінің дамуына шын мәнінде мүдделі болса, дер кезінде «рақмет» айта білуі керек. Әсіресе, бүкіл ел саясатта ғана емес, экономикада, технологияда және қоғамдық санада жаңа дәуірге қадам басып жатқан кезеңде бұл аса маңызды. Әңгіме тек бір палаталы Парламент туралы ғана емес. Біз бұл жайында 2017 жылдан бері сол кездегі «Нұр Отан» партиясымен пікір таластырып, жан-жақтан сынға ұшырадық. Сол тұста біздің арзан әлеуметтік тұрғын үй мен жастар жатақханаларын салу жөніндегі ұсынысымыз әдейі бұрмаланып, «дәретханасы жоқ пәтерлер» туралы орынсыз айыптауларға ұласқаны да кездейсоқ емес еді. Ал мұндай тұрғын үйлер мен жатақханалар бүгінге дейін жетіспейді. Мәселе экономика құрылымының өзгеруінде жатыр.





























