Азат Перуашев » публикация №16269
Ақпаратты кешіктіргенім үшін кешірім сұраймын. Телефоныма қоңыраулар көптеп түсуде, жауап беруге тура келуде) Баршаңызға жылы лебіздеріңіз бен ақ тілектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін! Бүгін «Ақ жол» демократиялық партиясының съезі бірнеше маңызды мәселені қарады. Біріншіден, съезд делегаттары партияның жарғылық құжаттарын жаңа Конституция талаптарына сәйкестендірді. Одан кейін жаңа Саяси бағдарламаның жұмыс жобасын талқылады. Партия филиалдары мен мәслихат депутаттарының ұсыныстары негізінде әзірленген нұсқаны назарға алып, айтылған ескертулер мен ұсынымдарды ескере отырып, оны жетілдіру жұмысын жалғастыру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, съезд менің «Ақ жол» демпартиясы төрағасы өкілеттігімді тоқтату туралы өтінішімді қанағаттандырды. Партияның жаңа төрағасы болып көпшілік дауыспен Дания Мадиқызы Еспаева сайланды. Демократиялық партияға тән қағидаттарға сай сайлау ашық әрі бәсекелі форматта өтті. Съезд барысында екі сағатқа жуық пікірталастар барысында Семей, Орал, Маңғыстау, Қызылорда, Алматы облысы, Павлодар, Талдықорған, Ақмола облысы және өзге де өңірлерден қатысушылар сөз сөйледі. Қарағандылық әріптестердің ұсынысымен Д. Еспаеваға балама үміткер ретінде партия филиалының жетекшісі, Қазақстан қызмет көрсету саласы кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Ермек Әбділдин ұсынылды. Съездің 170 делегатының 165-і дауыс беруге қатысты. Бесеуі қалыс қалды. Сегіз делегат өз дауыстарын Ермек Әбділдинге берді. Ал съезге қатысқан 152 делегат Дания Еспаеваның кандидатурасын қолдады. Дания Мадиқызын төраға болып сайлануымен құттықтап, осы жауапты қызметте табандылық пен толағай табыс тілеймін. Алдағы Құрылтай сайлауында және одан кейінгі жұмыстарында оған жан-жақты қолдау көрсетіп, барынша көмектесетінім сөзсіз. Төменде съезде сөйлеген сөзімнің толық мәтінін келтіріп, өз шешімімнің себептерін түсіндіріп, Дания Мадиқызының кандидатурасын не себепті ұсынғанымды негіздедім. Съезд делегаттарына және «Ақ жол» демократиялық партиясының барлық мүшелеріне төрағалық еткен 15 жыл ішінде партиямыздың атынан өз білімім мен тәжірибемді жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, маған сенім артқандары үшін шын жүректен алғыс айтамын. Данияны да дәл осылай жұмыла қолдайық! Ол соған әбден лайық. Баршаңызға сәттілік тілеймін! Бәрі жақсы болады ✊🏼





























