ҚР Парламенті Мәжілісі » публикация №20422
Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Марлен Маматалиев Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келді. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановпен кездесуде тараптар парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Мәртебелі мейманды қарсы алған Ерлан Қошанов қазақ пен қырғыз халықтарын ортақ тарих пен рухани-мәдени құндылықтар, сондай-ақ ғасырлар бойғы бауырластық біріктіретінін атап өтті. Ал Президенттеріміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың саяси ерік-жігерінің, сындарлы саясатының арқасында қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Ерлан Қошанов парламенттер басшылары деңгейінде әріптестіктің маңызды тақырыптары тұрақты түрде көтеріліп жүрген Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің рөлі ерекше екеніне назар аударды. Мәжіліс төрағасының пікірінше, екі ел депутаттары туындаған барлық мәселені достық топтары мен салалық комитеттер деңгейінде талқылай отырып, уақтылы шешілуіне елеулі үлес қосып келеді. Әңгіме барысында тараптар ТМД Парламентаралық ассамблеясы, ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеясы, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы және ТүркПА сияқты көпжақты парламенттік алаңдардағы тиімді ынтымақтастыққа да тоқталды. Мәжіліс спикері қырғыз әріптесіне соңғы жылдары Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалар туралы мәлімет берді. Өз кезегінде Марлен Маматалиев қазақстандық әріптестеріне қонақжайлығы үшін алғыс айтып, алдағы тамыз айындағы Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық жүргізу және өткізу ісіне табыс тіледі. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты сөз еткен Қырғызстан Парламентінің басшысы екіжақты тауар айналымының қазіргі серпініне қанағаттанатынын айтып, индустрияландыру, ауыл шаруашылығы, туризм және «жасыл» энергетика салаларындағы серіктестікті тереңдету перспективаларына тоқталды. Кездесу барысында тараптар заң шығару саласында тәжірибе алмасуды және өңір үшін өзекті мәселелер бойынша диалогты жалғастыруға уағдаласты. Толығырақ mazhilis.parlam.kz сайтында 📱Instagram 📱Facebook 📱YouTube 📱TikTok 📱 Telegram
#новости · #kz · #политика · #telegram · #государство





























