Азат Перуашев » публикация №16232
Депутат Олжас Нұралдиновтың Қаржы министрі Мәди Такиевке және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ өкіліне квазимемлекеттік сектор тарапынан түсетін салық түсімдерінің азаюы себептері және олардың одан әрі төмендемеуіне жол бермеу жөніндегі қабылданатын шаралар туралы сауалы Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, 2025 жылы квазимемлекеттік сектордан түскен салық түсімдері 6,7 трлн теңгені құрады. Алайда осы соманың 53,5 пайызын бір ғана салық төлеуші – «Теңізшевройл» ЖШС қамтамасыз еткен. Сонымен қатар, квазимемлекеттік сектордағы 308 субъектінің 78-і салық төлемдерін азайтқан. Квазимемлекеттік сектордың тек алты ірі субъектісі – «Самұрық-Қазына», «Қазақтелеком», «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз», «Ембімұнайгаз» және «QazaqGaz» бойынша салық түсімдерінің төмендеуі 330 млрд теңгеден асқан. Қаржы министріне сұрақ. Квазимемлекеттік сектордан түсетін салық түсімдерінің жартысынан астамы бір ғана компанияның үлесіне тиесілі екенін ескере отырып, Үкімет мұндай тәуелділікті азайту және квазимемлекеттік сектордың өзге субъектілерінен түсетін салық түсімдерін арттыру үшін қандай шаралар қабылдауды жоспарлап отыр? «Самұрық-Қазына» АҚ өкіліне сұрақ. Аталған салық төлемдерінің төмендеуі алдын ала болжанды ма? Салық түсімдерінің азаюына жол бермеу немесе оның көлемін барынша қысқарту үшін қандай шешімдер қабылданды? Биылғы жылы «Самұрық-Қазына» тобына кіретін компаниялардың салық төлеу жағдайы қалай қалыптасып жатыр? Және 2026 жылдың қорытындысы бойынша салық түсімдерінің өсуін күте аламыз ба?





























