Азат Перуашев » публикация №16228
Депутат Ерлан Барлыбаевтың Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге парафискалдық төлемдерді шоғырландыратын ұйымдардың қызметін реттеу мәселесі бойынша қойған сауалы Бүгінгі талқылау барысында парафискалдық төлемдерді жинақтайтын ұйымдардың қызметіне ерекше назар аудару қажет деп санаймын. Негізінен, бұл – азаматтар мен бизнес тарапынан бюджетке емес, бірақ қоғамдық маңызы бар міндеттерді орындау үшін төленетін міндетті немесе міндетті төлемдерге жақын төлемдер. Жоғары аудиторлық палатаның есебінен көріп отырғанымыздай, 2021–2025 жылдар аралығында тек екі төлем түрі – утильалым мен ақылы автомобиль жолдары бойынша түсім көлемі 1,7 трлн теңгені құраған. Ал мұндай ұйымдардың саны кемінде 30-дан асады. Айта кету керек, мұндай мәлімет алғаш рет есепте жарияланып отыр. Осыған байланысты бірнеше сұрақ туындайды. Үкімет аталған ұйымдардың қызметіне қандай бақылау жүргізеді? Парафискалдық төлемдер бойынша ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ететін бірыңғай талаптарды енгізу жоспарланып отыр ма? Атап айтқанда, қаражатты кім жинайды, ол қандай мақсаттарға жұмсалады, қандай қалдықтар қалыптасады және оның нәтижесі қандай деген мәселелер қалай ашық көрсетіледі? Егер мұндай жоспар болса, оны іске асырудың қандай тетіктері қарастырылған? Рақмет.





























