ҚР Парламенті Мәжілісі » публикация №20285
Мәжіліс депутаттары Qazaq Digital Mektebi жобасының перспективаларын талқылады Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Qazaq Digital Mektebi шағын жинақты мектеп моделін қалыптастырудың негізгі тәсілдері және «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының құқықтық нормаларының орындалуы» тақырыбында көшпелі отырыс өткізді. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Нұргүл Тау Qazaq Digital Mektebi жобасы ауылдық жерлердегі білім беру сапасын арттыруға және оқушылар үшін тең мүмкіндік қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Бұл бастама қыркүйек айында еліміздің жеті облысында пилоттық режимде іске қосылады. Нұргүл Таудың пікірінше, жобаны жүзеге асыруда тең мүмкіндік, мұғалім әлеуетін күшейту және деректерге негізделген басқару қағидаттары басшылыққа алынуы қажет. Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев өңірдегі білім беру саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыс туралы баяндады. Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу барысы жайлы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова баяндама жасады. Оның айтуынша, пилоттық жоба шеңберінде интернет инфрақұрылымымен қамтамасыз етілген 500 шағын жинақты ауыл мектебін қамту жоспарланған. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитеті төрағасының орынбасары Мирас Закиев білім беру саласындағы цифрлық трансформацияның маңызына тоқталды. Талқылау барысында қатысушылар ауыл мектептеріндегі интернет сапасын арттыру, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, педагогтердің біліктілігін жетілдіру, қазақ тіліндегі цифрлық білім беру контентін әзірлеу, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін жасалған жағдайлар мәселелерін көтерді. Отырыста көтерілген мәселелер Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бақылауында болады. Толығырақ mazhilis.parlam.kz сайтында. Мәжіліс жаңалықтарынан хабардар болыңыз! Біздің әлеуметтік желілерімізге жазылыңыз. t.me/mazhilis_kz
#новости · #kz · #политика · #telegram · #государство





























