POLISIA.KZ » публикация №17249
Штаб отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр әлемдік нарықта есірткіге қарсы күресте қосымша проблемалар туғызатын жаңа психотроптық заттар пайда болып жатқанын атап өтті. Осыған байланысты Олжас Бектенов бірқатар тапсырма берді. Бірінші. Қаржы министрлігі ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп, химиялық заттар мен қосарлы мақсаттағы өнімдердің әкелінуіне бақылауды күшейту, сондай-ақ мұндай тауарларды тексеру тәртібін қайта қарау қажет. «Оның үстіне прекурсорлардың басым бөлігі бірнеше мақсатта қолданылады әрі олардың кейбірі елге заңсыз әкелінеді. Цифрландыру мен жасанды интеллект элементтерін белсенді түрде енгізіңіздер», — деп атап өтті Премьер-министр және контрабандалық тауарлар мен жүктердің заңсыз тасымалының алдын алуға бағытталған тәуекелдерді анықтау жүйесіндегі тауарлар тізбесіне өзгерістер енгізуді тапсырды. Екінші. Қылмыстық ұйымдар криптовалютаны және өзге де цифрлық құралдарды пайдалана отырып жүргізетін жасырын қаржылық операцияларға назар аударылды. «Уәкілетті органдарға криптовалюталарға байланысты күмәнді қаржылық операцияларды анықтау мен бұғаттауға арналған арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Бұл жұмыс Ұлттық Банктің антифрод-орталығы жүйесіне ұқсас жүзеге асырылуы тиіс. Бағдарламада есірткі транзакцияларында байқалған күдікті деректердің, шоттардың және криптовалюта әмияндарының тізілімі де қамтылуы керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов. Сондай-ақ есірткі трафигінің жолын кесу үшін Telegram-чаттарды бұғаттауға мүмкіндік беретін технологиялық құралды әзірлеу қажеттігі атап өтілді. Үшінші. Бас прокуратура Қаржы мониторингі агенттігімен, Ұлттық банкпен, Ішкі істер, Сыртқы істер және Цифрлық даму министрліктерімен бірге бір апта мерзімде мемлекетаралық цифрлық платформа құру бойынша келісілген ұстанымды енгізеді. Төртінші. Заманауи технологияларды ескере отырып, есірткі қылмыстарын тергеудің қолданыстағы әдістерін қайта қарау тапсырылды. «Жаңа тәсілдер қажет. Біздің құқық қорғау органдары жедел алдын алу шараларын қабылдауға тиіс. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге цифрлық құралдар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, есірткі қылмыстарын тергеудің жаңа әдістерін әзірлеуді тапсырамын. Әдістер “Заң мен тәртіп”, сондай-ақ жазаның бұлтартпас қағидаттары тұрғысынан қаралуы керек», — деп атап өтті Премьер-министр. Осы бағытта Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тізімін жедел жаңартып, күшті әсер ететін заттардың тізбесін өзектендіріп, сондай-ақ олардың айналымы тәртібін әзірлейді. Бесінші. Өңір әкімдеріне штабтардың жұмысын жеке бақылауға алу тапсырылды. Алтыншы. Жастардың жұмыспен қамтылуы мен бос уақытына, әсіресе демалыс кезеңіне ерекше назар аударылды. «Жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдарды тарта отырып, бос жұмыс орындарының «жәрмеңкелерін» өткізуді ұйымдастыру қажет. Жастарды «Таза Қазақстан» экологиялық акцияларына, әртүрлі волонтерлік қозғалыстарға кеңінен тартыңыздар. Бұқаралық спорттың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажет», –– деп атап өтті Олжас Бектенов. Жетінші. 28 мамырдан 26 маусымға дейін Қазақстанда Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне (26 маусым) орайластырылған есірткіге қарсы акциялар өткізіледі. Маусымнан қазан айына дейін құрамында есірткі заттары бар өсімдіктердің өсетін ошақтарын анықтау және жою мақсатында «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі. «Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жастарды, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін, блогерлерді және танымал тұлғаларды белсенді тарта отырып, есірткіге қарсы күрес айлығын өткізуді қамтамасыз етсін. Аталған жұмыстарға әкімдіктер де белсенді түрде атсалысуы керек», –– деп тапсырды Премьер-министр. Сонымен қатар жазғы каникул қарсаңында жастарды есірткінің заңсыз айналымына тартудың алдын алуға бағытталған ауқымды ақпараттық-профилактикалық науқан ұйымдастыру тапсырылды. 📱@KZgovernment





























