Aqorda » публикация №32986
Қазақстан Президентінің айтуынша, бүгінгі сапар екіжақты ынтымақтастық аясындағы сапалы өзгерістерді айқын көрсетті – Мұны мынадай объективті көрсеткіштерден аңғарамыз: сауда-саттық көлемі 30 миллиард долларлық межеге жетеді деп болжанып отыр, ал экономикамызға құйған инвестиция бойынша Ресей басқа елдер арасында бірінші орынға шықты. Экономикалық ынтымақтастық аясындағы бастамалар тізіміне 177 перспективті жоба кірді, оның 122-сі операциялық циклге өтті, яғни, іске асырылды. Қазақстан Ресеймен мәңгі достықты және стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайды. Біз Ресейді әрдайым Еуразиядағы тарихы бай әрі даму әлеуеті зор мемлекет деп санаймыз. Қазірдің өзінде санкциялар салдарынан туындаған қиындыққа қарамастан, Ресей экономикасы сатып алу қабілетінің паритеті бойынша әлемде – төртінші орынға, ал Еуропада бірінші орынға шықты. Мұны ірі халықаралық қаржы институттарының мәліметтері растайды. Былтыр Ресейдің номиналды ішкі жалпы өнімі 2,5 триллион доллардан асты. Бұл – керемет нәтиже. Ресей табиғи ресурстары мол, инженерлік-ғылыми элитасы мен білікті жұмысшылары бар ел ретінде жаһандық экономикадағы жетекші орнын ешқашан жоғалтпайды. Сәйкесінше, дүниежүзілік геосаяси сахнада маңызды рөл атқарады. Ынтымақтастық перспективасына қатысты сөз қозғағанда, бүгін қабылданған «Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдеменің ерекше маңызына тоқталғым келеді. Аталған құжат мақсаттарды айқындау тұрғысынан мұқият ойластырылған. Онда елдеріміздің стратегиялық серіктестігі және тату көршілік қатынастарын одан әрі дамытудың сенімді негізі мен ұзақмерзімді бағдары көрініс тапқан, – деді Мемлекет басшысы. t.me/aqorda_resmi





























