Aqorda » публикация №32604
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларына GovТeсh цифрлық шешімдері таныстырылды 🟦Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысушы елдердің президенттеріне Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту және аймақтағы технологиялық серіктестікті нығайту бастамалары жайында мәлімет берілді. 🟦Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәртебелі меймандарға еліміз ЖИ-ді стратегиялық басымдық ретінде қарастыратынын баяндады. Бұл орайда инфрақұрылымды, адами капиталды және инновациялық өнімдерді дамыту арқылы толық экожүйе құрылмақ. 🟦Бүгінде Қазақстанда Starlink және OneWeb компанияларының жерсеріктік байланыс технологиялары белсенді түрде енгізілуде. Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту елдің транзиттік әлеуетін жаңа деңгейге көтереді. 🟦Есептеуіш қуатын арттыру бұл саладағы маңызды қадамға айналды. Аймақтағы ең ірі суперкомпьютерлер іске қосылды. Енді «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» атты ауқымды жоба қолға алынбақ. Қуаттылығы 1 ГВт-тан асатын хаб AI-есептеулерді ұсынуға негізделген экономиканың жаңа экспорттық моделінің іргесін қалайды. 🟦Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ынтымақтастығы ғарыш саласында да нәтиже беруде. Еліміз Өзбекстан, Түркия және Әзербайжан мемлекеттерімен бірлесіп, CubeSat ғылыми жерсерігін әзірлеп жатыр. Оны ғарышқа келесі жылы ұшыру жоспарланған. 🟦Жасанды интеллект мемлекеттік басқару жүйесінде кеңінен қолданылуда. eGov AI асситенті, AlemGPT платформасы секілді шешімдер мемлекеттік қызметтерді анағұрлым жетілдіре түседі. 🟦Қазақстанда мектептер мен TUMO орталықтарынан бастап, арнаулы AI Research университеттерде жалғасатын үздіксіз білім беру жүйесі қалыптасып келеді. 🟦Аlem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы мамандар мен стартаптар тоғысатын орынға айнала алады. Онда зерттеу жұмыстарынан жаңа өнімді қолданысқа енгізуге дейінгі толық цикл жүзеге асырылады. 🟦Президенттерге көлік-логистика кешенін цифрландыру жұмыстары таныстырылды. Салаға жасанды интеллектіні енгізу үдерістерді жеңілдетуге, кедергілерді азайтуға және өңірдің транзиттік әлеуетін нығайтуға жол ашады. 🟦Бұған дейін Қазақстан Цифрлық шешімдердің Азия-Тынық мұхиты өңірлік орталығын құру жөнінде бастама көтергені белгілі. ТМҰ-ға мүше елдер бұл ұсынысқа қолдау білдірді. Соның нәтижесінде Бангкок қаласында өткен БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхиты аймағына арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының 82-сессиясында орталықты Алматы қаласында ашу туралы қарар қабылданды. Қазақстан тарапы өз бастамасын қуаттағаны үшін серіктестеріне алғыс айтты. t.me/aqorda_resmi





























