UKIMET » публикация №24394
Премьер-министр Олжас Бектенов «Қазақстан-Еуроодақ» диалог платформасының отырысын өткізді 📌 Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Еуропа елдерінің дипломатиялық миссияларының басшылары, ірі шетелдік бизнес-қауымдастықтар мен компаниялардың өкілдері қатысуымен «Қазақстан – Еуропалық Одақ» диалог платформасының 19-шы отырысын өткізді. Жиында инвестициялық ахуалдың өзекті мәселелері, техникалық стандарттар мен реттеуші тәсілдерді үйлестіру, кедендік әкімшілендіру, сондай-ақ геологиялық барлау және аса маңызды минералдық ресурстар саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Кейінгі жылдары Еуропалық Одақпен ынтымақтастық тұрақты оң серпін көрсетіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы тауар айналымы $45,2 млрд-ты құрады. 2026 жылдың алғашқы төрт айында өзара сауда көлемі $12,4 млрд-қа жетті, бұл ретте қазақстандық экспорт $9,27 млрд-ты құрады. Шикізаттық емес сектор сапалық өсім көрсетеді, атап айтқанда, отандық ауыл шаруашылығы өнімінің ЕО елдеріне экспорты 34,3%-ға артып, $266,2 млн-ды құрады. Отырысты ашқан Премьер-министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық өзгерістерге тоқталды. Жаңа Конституцияның қабылдануымен Қазақстан экономиканы сапалы әртараптандыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Үкімет қызметінің басым бағыттарының бірі – инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, проактивті инвестициялық саясат жүзеге асырылып, 2030 жылға дейінгі тұжырымдама өзектендірілді. Инвесторлар мен жоғары білікті мамандар тарту үшін Altyn Visa арнайы визалық режимі енгізілуде. Сонымен қатар Kazakh Invest компаниясының халықаралық қатысуы кеңейтілуде, Kazakhstan Investment House инвесторларды сүйемелдеудің бірыңғай орталығы құрылуда. Бас прокуратура жанынан бизнесті қорғауды күшейту үшін Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті жұмыс істейді, «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдинг ретінде қайта құрылды. Олжас Бектенов Қазақстан ашықтық, болжамдылық және өзара тиімділік қағидаттарына негізделген инвестициялық саясатты дәйекті түрде жүргізіп отырғанын және шетелдік серіктестермен сындарлы диалогті дамытуға бейілді екенін атап өтті. «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді. бүгінде біздің әріптестігіміз қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанның сыртқы саудасының 30%-дан астамы Еуропалық Одақтың үлесіне тиесілі. Еліміздің экономикасына құйылған еуропалық инвестициялардың жиынтық көлемі $200 млрд-тан асты. Бұл көрсеткіштер елдеріміз арасындағы өзара экономикалық қызығушылықтың жоғары деңгейін айқын көрсетеді. Қазақстан энергетикалық қауіпсіздік, өнеркәсіп кооперациясы және көлік байланысын дамыту мәселелерінде Еуропалық Одақтың сенімді әрі болжамды серіктесі болып қала береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
#новости · #kz · #политика · #telegram · #государство





























