70 млн дана: Жамбыл облысында тамақ өнімдеріне арналған қаптама өндірісі іске қосылуда
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Тараз» индустриялық аймағында «Жамбылполимер» ЖШС-ның көбіктендірілген полистиролдан тамақ өнімдеріне арналған қаптама өндіру жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты.
Жобаның құны – 400 млн теңге. Кәсіпорын жылына 70 млн дана 8 түрлі өнім өндіруге мүмкіндік алады. Оның ішінде ланч-бокс, тауық етіне арналған науа, ламинатқа арналған төсем және басқа да өнім түрлері бар. Жобаны іске асыру нәтижесінде 20-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
Қазіргі уақытта өндіріс нысаны іске қосу кезеңінде. Жабдықтар орнатылып, монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстары аяқталған. Бүгінде алғашқы тапсырыстарды қабылдау, әлеуетті тұтынушылармен келіссөздер жүргізу, сондай-ақ мамандарды жұмысқа қабылдау және оқыту жұмыстары қатар жүргізілуде.
Өңір басшысы өндірісті толық қуатқа шығарып, тұрақты тапсырыстармен қамтамасыз ету және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде «Жамбылполимер» ЖШС-ның негізін қалаушы Абзал Мырзатайұлы жобаны іске асыруға мемлекеттік қолдау шаралары оң ықпал еткенін айтты. Оның сөзінше, «Тараз» индустриялық аймағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген және кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалған.
– Жобаны іске асыратын ғимараттың құрылысын салуға кемінде 10 жыл уақыт кетеді. Индустриялық аймақ өте тиімді. Мұнда қажетті инфрақұрылым бар. Тек қондырғылар мен жабдықтарды жеткізіп, жұмысты жүргізсең болды, – деді ол.