Туризм, су және ауыл шаруашылығы: Ербол Қарашөкеев Меркі ауданындағы бірқатар нысанды аралады

Мемлекет басшысының табиғи ресурстарды сақтау, су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар нысанды аралады.

Алдымен облыс әкімі Меркі мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің қызметімен танысты. 2025 жылдың тамыз айында құрылған парктің жалпы аумағы 83 713 гектарды құрайды. Мұнда 59 адам еңбек етеді.

Парк директоры Нұрсұлтан Ықыластың айтуынша, мекеменің басты міндеті – табиғи кешендерді сақтау, экожүйелердің тұтастығын қорғау және туризмді жүйелі дамыту. Сонымен қатар бүлінген табиғи және тарихи-мәдени нысандарды қалпына келтіруге басымдық беріледі.

Бүгінде парк аумағындағы жер ресурстарын тиімді пайдалану бағытында бірқатар жұмыс атқарылған. Жайылымдық мақсатта 117 пайдаланушыға 40 955 гектар жер берілген. Ара шаруашылығын дамыту үшін үш пайдаланушыға жалпы сыйымдылығы 242 ара ұясына арналған учаскелер қарастырылған. Сондай-ақ бақ шаруашылығына 3 гектар, туристік мақсатта төрт пайдаланушыға меморандумдар негізінде 11,5 гектар жер бөлу жұмыстары жүргізілген. Осы бағыттар бойынша жергілікті бюджетке 8,3 миллион теңгеден астам қаражат түскен.

Табиғи ортаны қалпына келтіру және орман қорын молайту жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Парк аумағына 2 000 түп ағаш көшеті отырғызылып, питомникте егуге арналған 150 келі қарағаш тұқымы жиналған.

Ербол Қарашөкеев табиғи парктің жұмысын күшейтіп, қоршаған ортаны қорғау шараларын нақты нәтижеге бағыттауды тапсырды. Сондай-ақ туристік бағыттарды реттеу, демалыс орындарын жабдықтау, қоқыс жинау және алғашқы медициналық көмек көрсету мәселелерін алдын ала шешудің маңызын атап өтті.

– Мұндай үлкен аумақты басқару – зор жауапкершілік. Парктің жұмысы қағаздағы жоспармен емес, нақты нәтижемен бағалануы керек. Басты міндет – табиғи кешендерді сақтау, заңсыз әрекеттердің алдын алу және туристерге қауіпсіз жағдай жасау. Парк аумағын пайдаланатын әрбір азамат пен кәсіпкер белгіленген талаптарды орындауға тиіс, – деді облыс әкімі.

Су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту мәселесі де назарда болды. Өңір басшысы «Андас-3» су қоймасындағы құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. Су қоймасының жобалық көлемі 1,51 миллион текше метрді құрайды. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталған. Мердігер – «Tolagai Global» ЖШС. Жобада ұзындығы 1 840 метр арықты және 1 113 метр арнаны тазалау мен кеңейту, сондай-ақ 1 760 метр учаскеде жұмыстар жүргізу көзделген. Нысанды 2026 жылы аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.

Облыс әкімі құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстауды ескертті. Оның айтуынша, су қоймасы белгіленген уақытта толық дайын болып, қауіпсіз пайдалануға берілуі қажет.

Бұдан бөлек, облыс әкімі «Майлыбай» каналының жай-күйімен танысты. Жалпы ұзындығы 15,4 шақырым болатын каналдың су өткізу қабілеті секундына 2,2 текше метрді құрайды. Ол 2 591 гектар суармалы алқапты сумен қамтамасыз етуге арналған. 2025 жылы каналдың 5,2 шақырым учаскесінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген.

Жауапты тұлғаларға суармалы алқаптардың нақты тізімін жасау, әр алқаптың суға қолжетімділігі мен су беру кестесінің орындалуын тексеру, сонымен қатар су шығынын, жолай жоғалу көлемін және канал бойындағы рұқсатсыз су бұру деректерін анықтау міндеті қойылды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен экспорттау бағытында «Меркі Ет комбинаты» ЖШС-ның жұмысы таныстырылды. Т. Рысқұлов ауылында орналасқан кәсіпорын 2005 жылы құрылған. Мұнда ет консервілері мен шұжық өнімдері өндіріледі. Сондай-ақ ірі қара және қой еті шетелдік нарықтарға жөнелтіледі.

Кәсіпорын жылына 250 тонна шұжық және 262 мың банка ет консервісін шығаруға қауқарлы. Мұнда тәулігіне 300 бас ірі қара мен 700 бас ұсақ мал союға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда өндіріс орнында 37 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

2025 жылы кәсіпорын Біріккен Араб Әмірліктеріне, Катарға, Кувейтке және Сауд Арабиясына 1 053 тонна ет экспорттаған.

Облыс әкімі кәсіпорынның өндірістік әлеуетін толық пайдаланудың маңызын атап өтті. Ол жауапты тұлғаларға жергілікті шаруа қожалықтары мен комбинат арасында тұрақты шикізат жеткізу жөніндегі келісімдер жасауға жәрдемдесуді тапсырды. Сонымен қатар өндірісті кеңейтуге және өнім түрлерін көбейтуге қатысты ұсыныстарды қарастырып, қажетті мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіруді міндеттеді.

– Кәсіпорынның мүмкіндігі бар. Ендігі міндет – сол мүмкіндікті нақты өндіріске, жергілікті шаруалар үшін тұрақты өткізу нарығына және жаңа жұмыс орындарына айналдыру. Жоспарланған көрсеткіштер қағазда қалмай, өндіріс пен экспорт көлемінен көрінуі керек, – деді Ербол Қарашөкеев.