ТРАВМАТОЛОГТАР ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРҒА КӨКТАЙҒАҚ КЕЗІНДЕ ЖАРАҚАТТАН ҚАЛАЙ САҚТАНУ КЕРЕКТІГІН ЕСКЕРТТІ

Астанада көктайғақ болуы мүмкін екенін ескере отырып, академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының мамандары қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздікке алдын ала қамданып, көшеде жарақат алудың алдын алу шараларын сақтауға шақырады.

Мамандардың айтуынша, ауа температурасының күрт төмендеуі, жолдар мен тротуарлардың мұздануы соғылу, буынның шығуы, сіңірдің созылуы және сүйек сынуы сияқты жарақаттардың қаупін арттырады.

Жарақаттанудың алдын алу үшін медицина мамандары маусымға сай, табаны таймайтын әрі орнықты аяқ киім киюді, көшеде жүргенде абай болуды, асықпай қозғалып, қатты көктайғақ кезінде мүмкіндігінше сыртқа шығуды шектеуді ұсынады.

Балалардың, қарт адамдардың және қозғалысы шектеулі азаматтардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет.

Тепе-теңдікті жоғалтқан жағдайда травматологтар құлап бара жатқанда денені жинақтап, созылған қолдарға құлаудан сақтануға кеңес береді. Құлағаннан кейін қатты ауырсыну пайда болса немесе сүйек сынғанына күдік туындаса, қозғалысты шектеп, медициналық көмекке жүгіну қажет. Ауыр жарақат алған жағдайда 103 нөмірі бойынша жедел жәрдем шақырған жөн.

Денсаулық сақтау министрлігі жарақаттанудың маусымдық қаупін азайтып, денсаулыққа ауыр зардаптардың алдын алу үшін профилактикалық шараларды уақтылы қабылдап, қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын еске салады.