ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРТТАР КҮНІ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1300-ГЕ ЖУЫҚ ҚАРИЯҒА МАТЕРИАЛДЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ

Аудан, қала мәслихаттарының шешімдеріне сәйкес жергілікті бюджет есебінен үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілетін жалғызілікті қарттарға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде материалдық көмек қарастырылады. Биыл бұл көмек өңірдегі 1253 қарт адамға берілмек. Сондай-ақ мерекеге орай облыс көлемінде аға буын өкілдеріне арналған арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады.

Бүгінде Түркістан облысында 212 мыңнан астам зейнет жасындағы азамат тұрады. Олардың қатарында 3 Ұлы Отан соғысының ардагері, 2 145 тыл еңбеккері және 100 және одан да жоғары жастағы 39 қария бар.

Қарияларға қамқорлық жасау, ардагерлерді қолдау және олардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында облыста жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мәселен, жыл сайын облыстағы екі «Ардагерлер үйінде» 7,8 мыңға жуық азамат 14 күндік сауықтыру қызметтерімен қамтылуда. Оның ішінде, «Ардагерлер үйінде» – 4 мыңға жуық, ал «Мейір» ардагерлер үйінде 3,8 мыңға жуық адам сауықтырудан өтеді.

Сонымен қатар қарт адамдардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау мақсатында облыстың барлық аудан-қалаларында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары жұмыс істейді.

Орталықтардың басты мақсаты – егде жастағы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, олардың әлеуметтік және психологиялық әл-ауқатын жақсарту, сондай-ақ қоғамның түрлі салаларына белсенді қатысуына мүмкіндік беру.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі