«ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚЫЛМЫСТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен «Заң және Тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиында өңірдегі қылмыс деңгейі, ауыр қылмыстардың өсу себептері және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қаралды.
Биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша облыста тіркелген қылмыс саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,9%-ға төмендеген. Атап айтқанда, 2025 жылы 3492 қылмыс тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 3181-ді құраған. Дегенмен, жекелеген аудандарда қылмыс деңгейінің өсуі байқалады. Атап айтқанда, Арыс қаласында, Сауран, Шардара, Созақ ауданында өскен. Комиссия отырысында осы аумақтардағы жағдайдың себептері талданып, полиция басшыларының атқарған жұмыстары тыңдалды.
Сонымен қатар аса ауыр қылмыстардың, адам өліміне қатысты қылмыстардың және мал ұрлығы фактілерінің өсуіне ерекше назар аударылды. Облыс әкімі қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмысты күшейтіп, қылмыс деңгейі өскен аумақтар бойынша нақты талдау жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Мәжіліс барысында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, суицид фактілерін азайту, сондай-ақ уақытша бейімдеу және детоксикациялау орталықтарының жұмысын ұйымдастыру мәселелері де қаралды. Қазіргі таңда мұндай орталықтар Кентау қаласы мен Төлеби ауданында ашылған. Ордабасы ауданында қараша айында, Түлкібас ауданында жыл соңына дейін ашу жоспарланған.
Жиын қорытындысымен қылмыс деңгейі өскен аудан-қалаларда оның себептеріне толық талдау жүргізіп, қылмысты төмендетуге бағытталған нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды. Сонымен бірге қылмыс деңгейі жоғарылаған аумақтардағы полиция бөлімдері басшыларының қызметтік жауапкершілігін қарау, «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру жөніндегі тұжырымдамада белгіленген индикаторлардың толық орындалуын қамтамасыз ету міндеттелді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі