АУЫЛ ЖАСӨСПІРІМДЕРІНІҢ V ЖАЗҒЫ ОЙЫНДАРЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

Ақтөбе қаласында 14-23 қыркүйек күндері Қазақстан Республикасы ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындары мәресіне жетті. Еліміздің өңірлерінен жас спортшылар бас қосқан кешенді бәсекеде Түркістан облысының құрамасы керемет нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте топ жарды.

Жарыс бағдарламасына футзал, волейбол, баскетбол 3×3, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, дзюдо, грек-рим күресі, қазақ күресі, асық ату, бес асық және еркін күрес сияқты спорт түрлері енгізілді.

Аталған дүбірлі додада Түркістан облысының намысын 120 жас спортшы қорғады. Жерлестеріміз спорттың бірнеше түрінен жүлделі орындарға ие болып, өңір қоржынына қомақты ұпай қосты.

Атап айтқанда, баскетболдан 3×3 қыздар құрамасы, үстел теннисінен, қазақ күресінен және еркін күрестен Түркістан облысының спортшылары 1-орын иеленді.

Сонымен қатар волейболдан қыздар құрамасы – 2-орын, баскетболдан 3×3 ұлдар – 3-орын, асық атудан – 3-орын, волейболдан ұлдар – 4-орын, дзюдодан – 4-орын, тоғызқұмалақтан – 5-орын, футзалдан – 6-орын, бес асықтан – 7-орын, грек-рим күресінен 10-орынға тұрақтады.

Жарыс қорытындысы бойынша 223 ұпай жинаған Түркістан облысының құрамасы жалпыкомандалық 1-орынды жеңіп алды. Екінші орынға 219 ұпаймен Ақтөбе облысы жайғасса, 203,5 ұпай жинаған Алматы облысы үздік үштікті түйіндеді.

Осылайша, Түркістан облысының спортшылары V жазғы ойындарда шеберлік пен спорттық дайындықтың жоғары деңгейін көрсетіп, сенімді ақтады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі