ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ СПОРТШЫЛАРЫ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
Қазақстан ұлттық құрамасының өкілдері Владислав Яковлев пен Иван Чернухин Жапонияның Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының чемпионы атанды.
Қазақстандық экипаж академиялық есуден ерлер арасындағы M2− бәсекесінде алтын медаль жеңіп алды.
А финалында ұлттық құрама сапындағы түркістандық Владислав Яковлев пен Иван Чернухин мәреге бірінші болып жетіп, басты қарсыластары Қытай экипажын 2,09 секундқа басып озды.
Қазақстандық спортшылар бұған дейін ірі халықаралық жарыстарда да жүлделі нәтижелер көрсеткен. 2025 жылы Яковлев пен Чернухин ересектер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанса, биыл Оңтүстік Кореяның Чхунджу қаласында өткен Азия кубогында алтын медаль жеңіп алды. Азия ойындарындағы жеңіс олардың халықаралық аренадағы табысты нәтижелерінің жалғасы болды.
Түркістан облысының сайыпқырандары өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Бұл ретте Түркістандағы ескек есу каналы су спортын дамытуға серпін беріп жатқанын айта кеткен жөн.
Айта кетейік, академиялық есуден жарыстар Қазақстан құрамасы үшін жалғасуда. Бүгін Владислав Яковлев пен Иван Чернухин Ярослав Мельников және Тимур Фомичевпен бірге ерлер арасындағы төрттік сында А финалында да бақ сынайды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі