МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ТАПСЫРМАЛАРЫ: «ДАРБАЗА – МАҚТААРАЛ» ТЕМІРЖОЛЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан стратегиялық маңызы зор «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жаңа теміржол желісі Мырзашөл өңірінің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау мен сыртқы нарықтарға шығаруға жаңа мүмкіндік бермек.

Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов Ш.Ділдәбеков ауылдық округі аумағындағы құрылыс жұмыстарымен танысты.

Серік Үсенұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, аудандық мәслихат депутаты Сұлтан Әбдіғаппарұлы округ шаруаларымен жүздесу барысында аталған жобаның өңір үшін маңыздылығын, өңірдің логистикалық әлеуетінің артуына мүмкіндік беретінін айтып, негізгі табысын диханшылықтан алатын округтерде ағын су мен көлік қозғалысында туындауы ықтимал мәселелерді талқылады.

– Бұл жоба тек теміржол желісін салумен шектелмейді. Ол – өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарықтарға шығаруға жаңа мүмкіндік беретін маңызды инфрақұрылымдық жоба. Сондықтан, құрылыс барысында шаруалардың мүддесіне әсер етуі мүмкін кез-келген мәселе дер кезінде шешілуі қажет, – деген аудан әкімі анықталған кемшіліктерді жою және құрылыс жұмыстары барысында туындауы мүмкін мәселелердің алдын алу жөнінде жауапты сала мамандарына тиісті тапсырмалар берді.

Айта кетейік, аталған жобаны жүзеге асыру арқылы өңір экономикасын арттыру, жаңа инвестициялар тарту, кәсіпкерлікті дамыту және тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі